Өнер саласындағы игі бастамалар

0
75

Қазақ би өнерінде өшпестей із қал­дырған би падишасы Шара Жиен­құлова: «Қазақ биi − халық­тың жан дүниесi, таным түсiнiгi, табиғатпен байланысы және философиясы. Қазақ халқының музыкасы мен биі бір-бірінен ажырамайтын, құстың қос қанатындай біртұтас өнер», деп қазақ халқы ежелгі би өнері­нің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қа­зы­насымен ұштастыра отырып, ғасыр­лар бойы дамытып, қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелей­тін қимылдар жүйесін қалыптастырған.

Өз сезімін әртүрлі тәсілдер мен плас­тикалық дене қимылдары ар­қылы білдіру орындаушы­ны, сондай-ақ қасындағы адамдар­ды да ерекше бір күйге бөлеген. Бұл − бидің сиқырлы күші. Ұлттық өнердің басқа түрлері сияқты би де көшпенді халықтың тұрмысын­да орын алды және оның бар­лық ерекшеліктері көркем образдар түрінде көрсетілді. Би − адам денесінің әуенге негіздел­ген түрлі қимылдарының жүйе­лі түрде ауысып келуі арқылы көркем образдармен айшық­тала бейнеленетін, кеңістіктік-уақыттық ауқымы көне заманғы наным-сенімнен бастау алатын өнердің бір түрі. Би − музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Қазіргі кезде қазақ билері жаңа даму кезеңі­нен өтуде, адамдар ұлттық сана-сезім идеясына тереңі­рек бері­ліп, халық фольклоры­на қызы­ғу­шылық танытып, осы таң­ғажайып шығармашылық қа­уы­мы­ның қатарына қосылып келеді.

Қазақ би мәдениетінің біре­гей мұрасын сақтап қалу мақ­сатында Қазақ ұлттық хореогра­фия академиясында «Қазақ биі­нің шығармашылық зертханасы» ашылды. Би хореографиясы жинақы образдар арқылы болмыс­ты бейнелеп, адамның ішкі жан-дүниесін көрсетеді. Хореография – ой мен мазмұнды музыкалық-хореография­лық бейне арқылы ашатын сахналық өнер­дің бір түрі. Оның қайнар көзі халық билерінде.

Жалпы, би – психиканың эмо­ция­лық аясының жемісі. «Қазір­гі заманғы жағдайда, яғни халық­тың тарихи санасы жанданып келе жатқан уақытта, дәс­түр­лі өнердің біртұтас дүние ретінд­е қайта өркендеу қажеттілігі туын­дады. Елімізде көптеген мұра­жай­лар, тарихи-мәдени орта­лық­тар, халықты, әсіресе жас ұр­пақты дәстүрлі этностық халық мәдениетіне тартуға септігін ти­гізетін фольклорлық-этногра­фия­лық ансамбльдер пайда бола бастады. Қоғамдық қызметтің осы саласында жинақталған тәжі­рибе көрсеткендей, қайта қал­пына келтіру және дамыту ғылы­ми негізделген тәсілмен жүр­гі­зілуі тиіс. Осы зертхананың жұ­мысы аясында қазақ биін оқыту әдістемесін жетілдіруге тырысамыз», дейді зертхана жетекшісі, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген әртісі және еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы еліміз­де қызу талқы­ланып жатқан­да, Қазақ ұлттық хорео­графия ака­де­мия­сының ұжымы да шығар­машы­лық белсенділік танытты. Жуыр­да өткен ІV халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде «Қазақ биі» картинасы «Құлагер» атты Ұлттық кинематографиялық сый­лығын («Ең үздік деректі фильм») иеленді. Фильмнің ре­жис­­­сері академиямыздың аға оқы­­ту­­шысы, Қазақстан Респуб­ли­­ка­­сының Тұңғыш Президенті – Ел­ба­­сы­ның мәдениет саласындағы мемлекет­тік стипендиясының лауреаты Анвара Садыкова, сценарий авторы – кинодраматург және режиссер Ғазиз Насыров. Фильмнің шығуына қазақ хореография өнері­нің танымал қайраткерлері атсалыс­ты (олардың ішінде академия ұстаздары: Айгүл Тәти, Тойған Ізім, Айгүл Күлбекова бар).

Қазақ хореографиясының өзіндік ерекшелігін сақтап қалу және арттыра түсу, сондай-ақ халық би шығар­машы­лығын көпшілікке таныту мақсатын­да Хореография академиясы 2019 жылы Шара Жиенқұлова атындағы V респуб­ликалық қазақ биі конкурсын өткізуді жоспарлап отыр. Осы конкурс аясында қатысушылар тәжірибе алмасып қана қоймай, қазақ биінің озық педагог-хореографтары өткізетін шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық пластика қимылдарын шебер орындау сырларымен бөлісе алады. Қазақ халық биінің болашағы зор.

«Ұлы даланың жеті қыры» − ұлт­тық хореография өнерінің тарихи қа­лып­т­асқан дәстүрлерін сақтап қалу мен одан әрі дамытудың жаңа мүм­­кін­­дігі. Сондықтан би өнері эсте­­ти­­­ка­­лық мәдениетті дамыту ар­қы­лы адамгершілік негіздерін қа­­лып­тас­­тырса, өз халқының төл руха­ни мә­де­ниетінің қыр-сырын, салт-дәс­­түрін білген тұлға елінің пат­­­рио­­ты ғана емес, өзге ұлттың да бол­­­мы­с­ын құрметтей білетін, яғни ұлт­­тық санасы биік, өркениеттің кө­ші­­­не ілесер жан-жақты болары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, біз алдағы уақытта еліміздің болашағы бимен шалықтап, қазақы дәстүріміздің бет-бейнесі болуы үшін жұмыс істейміз. Ал Отанымыздың рухани жаңғыруы болашаққа шабыт берер баға жетпес құндылығымызға айналады дегіміз келеді.

Бибігүл Нүсіпжанова,

Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры

Дереккөз: http://egemen.kz/