Оффшордағылар тендерге жіберілмейді | «Айқын» газеті

0

Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғарғы палатаның жалпы отырысы өтті. Жиынды ашқан Қ.Тоқаев заң жобаларын Сенатқа әкелудің мерзіміне қатысты Үкімет атына сын айтты. Төраға отырысқа өте маңызды заң жобалары шығарылғанын, олардың бесеуі Елбасы жолдауларын орындау мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Елбасының тапсырмаларын орындауға жыл басынан бері жеткілікті уақыт бол­ға­нына қарамастан, бірнеше күрделі заң жо­ба­лары Сенатқа тек жыл соңында бір топта­мамен келіп түсті. Сенат депутаттары заң жобаларының маңызын ескере оты­рып, өте қысқа мерзімде қарап, қабылдауға мәжбүр болды.
Сенаторлар нақтылау сипатында бірқа­тар сұрақтар қойғаннан кейін «Табиғи монополиялар туралы» заңды қабылдады. Заң табиғи монополиялар субъектілері қыз­метінің тиімділігін арттыруға, тарифтерді қа­лыптастыру процесінің ашықтығын ­қам­та­масыз етуге, тарифтік сметалар мен ­ин­вес­тициялық бағдарламалардың орын­далуына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ осы ­сала­лар­ға инвестицияларды ұлғайтуға бағытталған.
Алпауыттар қызметінің ашықтығын арттыру, тарифтік сметалар мен инвес­тициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту мақсатында заң жо­ба­сында мемлекеттік реттеу процесінің жа­рия­лылығы көзделеді. Осыған орай, «Тарифтік саясат жөніндегі кеңес» құрылады. Табиғи монополистер бекітілген тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарла­маларының орындалуы туралы есептерін ақпарат құралдарында орналастыруға міндеттеледі.
«Кейбір заңнамалық актілерге мемлекет­тік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң депутаттар арасында қызу пі­кірталас туғызды. Құжатта орталықтан­ды­рылған қызмет негізінде мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда сатып алуды өткізу әдістерін қайта қарау қарастырылуда. Бұл ретте мемлекеттік сатып алудың жалпы ережелерінен сырт қалатын «Самұрық-Қазынаның» ерекше мәртебесіне қатысты заң жобасындағы ережелер депутаттардың күмәнін туғызды.
Мемлекеттік органдар мен квазимем­лекеттік сектор субъектілерінің ақпарат жүйесінде электрондық бірыңғай сатып алу алаңын құру көзделген. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттейтін құ­қықтық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізіледі.
Бір атап өтер жайт, енді оффшорда тіркелген компаниялардың тендерге қатысуына тыйым салынатын болды.
Сенат отырысында халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасы да қабылданды. Құжат Елбасының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қа­тысуы жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақ­сатында әзірленген. Ол бейресми жұмыспен қамтылған халықты өз қызметін заңдастыруға ынталандыруға бағытталған. Осы мақсатта «бірыңғай жиынтық төлемді» енгізу көзделеді, олар өзгелер төлейтін 4 мін­детті төлемнің түрін – жеке табыс са­лы­ғын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, БЖЗҚ-ға жарналарды, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдарды бір төлемге біріктіреді.
Отырыс барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы, есірткі құмарлық және оның алдын алу мәселелері туралы сенатор Сәуле Айтпаеваның депутаттық сауалы жария етілді.
Сенат басшысы бұл мәселеның аса маңызды екеніне назар аудартып, есірткі сатушыларға қатысты құқықтық шараларды қатайту қажеттігіне тоқталды.
«Біз, сенаторлар, есірткі таратушылар мен сатушыларды өмір бойына қамауға алу немесе одан да қатаң жазаға дейін жазалауға қол жеткізуіміз керек. Өйткені бұл мемлекеттің ұлттық мүдделерін қозғайды және оны террористік әрекет қатарына жатқызуға болады», – деді Қ.Тоқаев.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын