«О» белгісі: Украинадағы қарулы қақтығыста тағы бір символ шықты

0

Ресей әскерінің Украинадағы қарулы қақтығыста Z, V белгілерінен басқа тағы бір символы пайда болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол – «О» белгісі. Бұл символ қарулы қақтығыста көп көрінбей, енді ғана Ресейдің әскери техникаларында пайда бола бастады. Оның видеосы Telegram-дағы Реальная Война | Украина парақшасында жарияланды.

БАҚ-та Ресей қарулы күштерінің белгілері туралы да көп әңгіме айтылып жатыр. Бірақ, әлі ешкім ресми түрде символдардың мәні мен маңызына байланысты нақты мәлімет берген жоқ. Соған қарағанда, белгілерді Ресей солдаттары өздері әскери қолбасшылықтың қолдауымен ойдан шығарып жатқанға ұқсайды. Сонымен кейбір деректе «О» белгісі – Орталық әскери округтың символы делінсе, украиндар оны Беларусь қарулы күштерінің белгісі деп санайды. Олардың айтуынша, О-дан басқа Z – Шығыс әскери округты, квадратта қоршалған  Z  – Ресейдің Қырымнан шабуылдап жатқан әскерін, V – теңіз күштерін, Х – шешен жасақтарын, А – арнайы жасақты (СОБР, АЛЬФА, ССО) білдіреді.

Алайда Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, белгілердің жоғарыда аталған қарулы күштерге ешқандай қатысы жоқ. Қорғаныс ведомствосының VКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында: «Бұл әріптер солдаттардың өздерін жігерлендіру үшін әскери техникаларға жазып алған символдары. Мысалы,  Z –  «За победу», «Задача будет выполнена», «За детей Донбасса», «Zакат нацизма», «Когда Россия поzвала», «За правду»,  V –  «Сила V правде»,  «Отvага», О – «Отвага», деген сөздерді білдіреді», – делінген.

Ал Украинаға қолдау көрсетіп жатқан АҚШ пен Батыс елдері бұл символдарды Ресейдің басқыншылық саясатының белгілері деп санайды. Бұл белгілерді пайдалануға, насихаттауға жер-жүзінің көп елдерінде рұқсат берілмеген. Кейбір мемлекеттер заң жүзінде тыйым салған.