«Менде қайта таңдау мүмкіндігі болса, дәрігер болатын едім» — медбике ойы

0

Адам өмірі — қоғам байлығы. Осындай маңызды факторларға жауап беретін, адам денсаулығының арашашсы дәрігерлер болса,  дәрігерлердің бекітіп берген емімен қатар науқастардың жауапкершілігін, ауыр жүгін  арқалайтын ең қиын мамандықтың бір  түрі- медбике. Ауруханаға түскен сәттен бастап толық ем-домын алып, аяққа тұрып үйіне оралғанға дейінгі барлық еркелігін, емін жасап сауапты іс қылатын мамандық иелері медбикелердің еңбегі бірде еленсе, бірде назардан тыс қалып жатады. Алайда бұл қызметтегі жанашырлардың еңбегі орасан зор екенін әр адам баласы біледі, сезеді. Біз бүгін сондай жандардың бірі медбике Эльмира Нұрдәулетқызымен сұхбаттасқан едік.

-Қайырлы күн, Эльмира Нұрдәулетқызы! Сіз ақ халатты абзал жансыз, осы күндері Алматыдағы емханалардың бірінде  медбике болып жұмыс жасап жүр екенсіз. Бұл салада жүргеніңізге қанша уақыт болды, қалыптасып үлгердіңіз бе?

— Қайырлы күн!  Рақмет, елеп-ескеріп жатқандарыңызға. Адам баласы бұл өмірге келген кезде мақсатты өмір сүріп, еңбегімен еленіп жатса, мәнді де мағыналы өмір деген сол деп білемін. Мен өзімің осы медбикелік саламда 10 жылдай қызмет жасап келемін. Белгілі бір межеден, тәжірибеден өтіп, өз саламда толық  қалыптасатын уақытқа жеттім деп айта аламын.

— Таңдаған салаңызға көңіліңіз толық тола ма?

— Көңілім 100 пайыз толады. Осы мамандықта қызмет етіп жүргеніме шүкірлік етемін.

— Жұмыс барысы мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жансыз, қиын емес пе?

— Жұмыс пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру өте қиын деп айтар едім. Жеке басым, барынша отбасыма түсіндіріп, жұмыстағы және үйдегі қиындықтарды бір-бірімен араластырмауға тырысамын. Мен де барынша отбасыма өтініш жасап,  әрдайым оңтайлы шешім табуға ұмтыламын.

— Жалпы ең жауапты мамандық иесісіз, адам өміріне жауапкершілік алатын сәттер де кездеседі, жұмыс барысындағы ең қиын сәтіңізді әңгімелеп берсеңіз.

— Менің жеке басымда аса бір қиындық болды деп атап айта алмаймын. Иә, келісемін жауапкершілік жүгі ауыр, етулері орынды деп ойлаймын. Әр алдыма келген емделушіге барынша қолдан келген қамқорлықты көрсетуге тырысамын. Аса бір қиын сағаттар болды деп айта алмаймын.

— Егер қайта таңдау жасау мүмкіндігі болса мамандығыңызды ауыстырар ма едіңіз?

— Егер менде қайта таңдау жасау түсетін болса дәрігер болатын едім. Өкінішке қарай, ол бақ маған бұйырмаған екен. Аллаға шүкір, медбике мамандығымды да ерекше сүйемін. Тек қайта таңдау жасау болса, бұдан да жауапты мамандық иесі дәрігер болатын едім деп ойлаймын.

— Дәрігерлермен арадағы субардинацияда қиындықтарға тап болдыңыз ба?

— Субардинация сақтауда қиындықтар кездеседі. Оны жасырудың қажеті жоқ. Қалыпты жағдай деп ойлаймын. Өмір болған соң, қызмет саласында қарбаластар болған соң түрлі реніштер, келіспеушіліктер, дауыс көтеру сынды мәселелер кездеседі. Адам болған соң қателіксіз болмайды. Тек уақтылы істеген ісіңе есеп беріп, кешірім сұрай білу, кешіре білу сынды қасиеттерді бойға барынша сіңіру керек.

— Арманыңыз қандай?

— Жас, түрлі дертпен туылған сәбилеріміздің дертіне шипа табылса екен деген арманым бар. Бірінші байлық — денсаулық. Оны қаражатқа сатып ала алмайсың. Тоғыз ай құрсақта көтеріп, үлкен үмітпен дүниеге әкелген сәбилеріміздің дені сау, болашағы жарқын болса, ауру статистикасы барынша төмен болса екен деп тілеймін, армандаймын.

— Қазіргі таңдағы және пандемия уақытындағы қызметіңізге тоқталсаңыз. Жұмыс барысындағы қиындықтарды қалай шештіңіз?

— Пандемия уақытында бұл мамандықты өте оңтайлы таңдағаныма тағы да көзім жетті. Ауыртпашылықтар болды, бірақ уақытылы қолдан келгенше көмек көрсете алдық.  Жұмысым көңілімнен шығатын болған соң түрлі кездесетін қиындықтарымен қызықты деп айтар едім.

— Бос уақытыңызды қалай өткізесіз, хоббиіңіз қандай?

— Әйел адамда бос уақыт болады деп айту қиын. Жұмыс, отбасы жауапкершілігі бар. Егер бос уақытым бола қалса, орталық кітапханаға барып, түрі әдебиеттерді оқығанды ұнатамын. Білімің ұшталады, санаң оянады. Табиғат аясында жақындарыммен әңгімелесіп, таза ауада серуендеп, шай ішіп, сырласқанды ұнатамын.

— Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Деніміз сау, бауырымыз бүтін болғай!

Сұхбаттасқан: Индира Чайзадина