Яссауи хикметтерін қандай халде жазған?!

0

Ахмет Яссауи «Хикметтерін» өзі жазды ма, әлде соның атын жамылып басқа біреу жазды ма, оны кейін анықтай жатармыз. Мәселе «ХИКМЕТТЕРДІҢ » маңыздылығында.

Өлең сөзбен жазылған бұл кітаптың философиялық, діни танымдық, тәрбиелік құны көк тиын. Оқып отырып соған көзім жетті. Құдайға асылық жасау, рационал ойды шатастыру, тіпті экстремизмге шақыру да бар. Анау дүниеге барып келгендей үнемі өлім халі туралы, о дүние туралы айта береді. Өмірді емес, өлімді дәріптейді екен.

«Хикметтерде» бұл өмірдің мәні жөнінде ойы қалыптаспаған жас ұрпақты өмірден түңілуге, суицидке итермелейтін психологиялық ауыртпалыққа үндейтін тәмсіл бар екенін ашық айтамын .

Сондықтан Ахмет Яссауиді дінтанушы, діни философиялық тың тұжырым жүйелеген ойшыл деп айтуға ауыз бармайды. Оның шығармаларын филология факультеті студенттерінен басқа ешкімге оқытпау керек.

Рас, Яссауи «Хикметтері» орта ғасырдағы поэзияның жетістігі тұрғысынан талқылауға тұрарлық шығарма. Ұйқас табу, қиыннан қиыстырып әкелу, сюжеттеп жүйелеу секілді әдістері парсы мәдениетінің ақындары Омар Хаям,Саади,Ширази,Фирдоуси,Науаи, Руми, Рудаки шығармаларымен салыстыруға тұрарлық па, әлде Яссауидің ақындық деңгейі олардан тым төмен бе,ол жағын білмеймін.Тек оларды Яссауимен байланыстырып тұрған бір нәрсе бар секілді.

Әдетте шығармашылық адамы, әсіресе ақындар шабыт іздеп, ойын көкке көтеру үшін шарап ішіп масайып барып өлең жазған. Әсіресе Омар Хаям өзіне көмек берген шарапты да өлеңіне қосып дәріптейді. Иә, масаю кейбір ақындарға жақсы көмектескен. Мұқағали өлеңдерінің көбі мас кезінде жазылған деген сөз бар. Композитор Шәмші Қалдаяқов-та мықты әуендерінің бәрін сау кезінде жазбаған. Олардың шығармаларын оқып отырып немесе тыңдап отырып рахаттанып жаның жай табады.

Яссауи де «Хикметтерін» жазар алдында масайтатын бірдеңе қабылдаған сияқты. Бірақ ол шығармасының өзегіне Омар Хаям, Мұқағали, Шәмші секілді мынау өмірді өзек етіп алмаған. Ол өзі білмейтін о дүние жөнінде, өлім халі жөніде ой қозғаған соң «Хикметтер» пессимистік сарынға ұласып кетті.

Егер Яссауи өмірді, өзі білетін осы дүние жөнінде жырласа оның өлеңдері Хаям мен Мұқағалидікі секілді әуезді, лирикалы, ойлы әрі жүйеленген болып шығар еді. Бұл жерде денені босататын, ойға еркіндік бергізетін масайтқыштың да рөлі бар ма деген ой қылаң береді.

Мысалы мәуелі бағы бар елді мекенде тұрған Омар Хаям жүзім шарабын жақсы көрген. Мұқағали ақын да ішімдік ішкен дейді. Ал Түркістан (Яссы) секілді құм дауылды,яғни шөл далада өмір сүрген Ахмет Яссауи шарап іше алды ма, әлде өзін масайтатын басқа бір шөпті пайдаланды ма, ол жағын біз білмейміз.

Соған қарағанда, «Хикметтердің» ақылға қонбайтын мазмұнын сараптай келе,бізге Ахметтің де өз шығармасын сау кезінде жазбаған сияқты болып көрінетінін жасыра алмаймыз.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ