Нығматулиннің ұлдарына тиесілі «Қазфосфат» компаниясына 5 миллион теңге айыппұл салынды

0
11690

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллиннің ұлдары қадағалайтын «Қазфосфат» зауытында өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды kznews.kz ақпарат агенттігі. 

Кәсіпорын жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізген экология департаментінің мамандары компанияға 5 миллион теңге айыппұл салды.

Облыс орталығын белгісіз түтін басып, тұрғындардың тынысын тарылтқаны жайлы Экспресс К жазған болатын. Кейін анықталғандай «Минералды тыңайтқыштар» зауытындағы күкірт қышқылын өндіретін цехта апат болып, соның салдарынан ауаға күкірт триоксиді тараған. Экологтар прокурорлармен бірлесіп, ауа сынамаларын зерттеуден өткізіпті. Апат кесірінен зауыт маңындағы Ы.Сулейменов көшесі бойындағы санитарлық қорғау аймағында фторлы сутегінің мөлшері қалыпты деңгейден 7,5 есе артқаны анықталды

«Тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзудың 5 фактісі анықталды. Экологиялық кодекстің талаптары сақталмаған. Заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Кәсіпорынға салынған әкімшілік айыппұлдардың көлемі 5 млн теңгені құрады», — делінген экология департаменті таратқан хабарламада.

Берілген нұсқамалардың орындалуы бойынша 2022 жылдың екінші жартыжылдығында кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болады.

Бұдан бұрын экология департаменті Тараз маңындағы химия зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Кейіннен компания басшылығы заңсыз пайда тапты деген күдікке ілінді. Бас прокуратура «Қазфосфатты» 697 млн теңге көлемінде монополиялық табыс тапты деп айыптап, тергеу басталғанын жариялаған болатын.