Нұр-сұлтандық белсенділер Тоқаевқа хат жолдап, елдегі адам құқығы жағдайын сұрады
10 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді өздерінің не үшін қудаланатынын түсіндіріп беруді сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне хат тапсырды.
Олар хатта ішкі істер министрлігінен және полиция департаментінен белсенділердің ұсталуын баспасөз мәслихаты арқылы түсіндіріп беруді талап еткен арыздарының жауапсыз қалғанын жазған.
Белсенділер Тоқаевқа хатында Қазақстан билігінің белсенділерді, құқық қорғаушыларды және «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жақтастарын (Нұр-Сұлтан 2018 жылы ҚДТ қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент былтырғы резолюциясында ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атанған) қудалайтынын айтқан. Олар президенттен белсенділердің қудалану себебін түсіндіріп беруді сұраған.
Белсенділер Тоқаевтан Қазақстан билігі Еуропарламенттің 2019 жылғы резолюциясындағы елдегі адам құқығын жақсарту туралы талабын қашан орындайтынын, Еуропарламент «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған ҚДТ қозғалысының «экстремистік ұйым» қатарынан қашан шығарылатынын сұраған.
Хат авторларының бірі Анна Шукеева «белсенділер шағымданған сайын оларды әлдебір қылмыстық іске куә ретінде шақыру тоқтамай келеді. Құзырлы орындардан жауап болмаған соң президенттен сұрауға бел будық» дейді.
Белсенділер Тоқаев хатымызға жауап берер деп үміттенеді.
Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны «экстремистік» деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның «саяси астары бар» деп санайды. Шетелде тұратын Әблязов Қазақстанда жұртты бірнеше рет билікке қарсы наразылық шарасына шақырған. ҚДТ жетекшісі белгілеген жерге келгендерді полиция жаппай ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын және оның жетекшісін «арандатушы» деп сынайды.
Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында Қазақстан билігін «бейбіт митингіге шыққандарды жаппай ұстамауға, елдегі адам құқығын жақсартуға» шақырған.