Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған бір науқас ауыр жағдайда жатыр

0
13

Жиырма екінші наурызда тіркелген екі пациенттің біреуінің жағдайы ауыр, тыныс алуы қиындап кетті, дейді дәрігерлер

НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус анықталған тағы үш науқас туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, 21 наурызда кешке қарай бір адамнан коронавирус табылған. Ол осы індетке шалдыққан әйелмен жақын байланыста болған.

«Ал 22 наурызда тағы екі науқас тіркелді. Біріншісі – Қазақстан азаматы. Ол стационарда бокста коронавирусы бар деген күдікпен жатқан. Диагноз расталды. Қазіргі кезде оның дене қызуы жоқ, бірақ жағдайы ауыр. Екі жақты пневмониясы бар, тыныс алуы қиындап отыр. Консилиум белгіленді», – деді Қисықова онлайн брифингте.

Ал үшінші науқас – елшілік қызметкері. Ол коронавирустың қаупі жоғары мемлекеттен келген. Бақылау шаралары кезінде коронавирус анықталды.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда төрт айлық нәрестеден коронавирус табылды

Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 56 адамға жетті.

Соңғы деректер бойынша Нұр-Сұлтанда – 31, Алматыда – 22, Қарағандыда – 2, Алматы облысында бір адам тіркелді.



sputniknews.kz