Назарбаев Асқар Маминді және Әсет Исекешевті қабылдады

0

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті және ремьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Бұл туралы KzNews elbasy.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Асқар Мамин Назарбаевқа жаһандық пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берілді және сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған Жол картасын жүзеге асыру бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндалды.

«Үкімет алдында экономиканың 3 пайыздан артық өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы негізгі драйверлер болып саналады. Қызмет көрсету секторы қалпына келе бастады. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары үш бағытта жүргізіледі. Ол­ – қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту және өткізу нарықтарының қолжетімділігін кеңейту», – деді Асқар Мамин.

Ал Исекешевпен кездесуде Назарбаевқа Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды.

«Біз Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, онда маңызды мәселелерді талқыладық. Тиісті Стратегияны бекіттік, соның аясында жұмыс атқару қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты онда айқындалған міндеттердің жүзеге асырылу барысын қадағалауға тиіс», – деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев отандық әскери-өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Әсет Исекешев 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын дайындау барысы туралы баяндады. Сонымен бірге Аппараттың азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерді анықтау, алдын алу мен бейтараптандырудың жүйелі шараларын әзірлеуге бағытталаған жұмысы жайлы айтып берді.