Мұғалімдер келесі айдан бастап аттестациядан өтеді
Білім министрлігі тест тапсырып, біліктілігін растаған мұғалімдерге 30-50 проценттік үстемақы төленетінін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерге біліктілік санаттарын тағайындау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Педагог қызметкерлерімен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Айман Дүйсембаеваның айтуынша, биылдан бастап біліктілік тестерін балабақша, қосымша білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік оқу орындарының мамандары тапсыра алады. Әрбір пән бойынша 30-70 тапсырма қарастырылған.
«Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері де педагог болып саналады. Сондықтан олар да тестілеуден өтеді. «Оқу пәнінің мазмұны» – 70 тапсырма, ал «Педагог оқыту әдістемесі» бойынша 30 тапсырма болады», — деді Дүйсембаева министрлікте өткен жиында.
Қанша сұраққа дұрыс жауап беру қажет?
Талап бойынша әрбір ұстаз санатына қарай тапсырмаларды орындауы тиіс. Сонда ғана ол өз біліктілігін растай алады. Мәселен, білім мазмұны бойынша кем дегенде 50 процент сұраққа дұрыс жауап беру қажет.
- Модератор – 50%;
- Сарапшы — 60%;
- Зерттеуші – 70%;
- Педагог-шебер — 80%.
Оқу әдістемесі бойынша:
- Модератор — 30%;
- Сарапшы — 35%;
- Зерттеуші — 40%;
- Педагог-шебер — 45%.
Тест тапсырған мұғалімдер екінші кезеңге өтеді. Сонда өз портфолиосын таныстырады.
Аттестация қашан басталады?
Сұрақ-жауап кезінде вице-министр Шолпан Каринова аттестацияның мерзімін нақтылап берді.
«Қазіргі кезде ережеге өзгеріс енгізіліп жатыр. Осы наурыз айының ішінде ереже қабылданады. Сәуір айынан бастап мұғалімдерді аттестаттау жұмысы басталады», — деді Каринова.
Айта кетейік, біліктілік санатына қарай мұғалімдерге 30-50 проценттік үстемақы төленеді.
sputniknews.kz