Мобильді аударымдар тексеріліп, жәрдемақы өседі: 2023 жылдан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?
Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Жәрдемақы мен зейнетақы өсіп, ең төменгі жалақы көтеріледі, бірқатар сала мамандарының жалақысы ұлғаяды. Толығырақ Stan.kz тілшісінің материалында.
Сенат депутаттарының сайлауы өтеді
Орталық сайлау комиссиясы сенат сайлауына кандидатура ұсыну аяқталғанын айтты. Биыл сайлауға 130 үміткер қатысады.
Сенат депутаттығына сайланатын кандидаттардың шығын мөлшері 550 мың теңге шамасында белгіленді. Үміткерлерді ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 18:00-де аяқталады.
Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 24 желтоқсанда басталып, 13 қаңтарда 00:00-де тоқтайды.
13 қаңтар тыныштық күні болса, ал 14 қаңтарда Сенат депутаттарын сайлау өтеді. Нәтижесін орталық сайлау комиссиясы 20 қаңтарға дейін жариялайды.
Депутаттыққа үміткерлерге қойылатын талаптар:
- Қазақстан Республикасының азаматы болуы және соңғы 10 жыл бойы ел аумағында тұрған;
- 30 жасқа толған;
- Жоғары білімі бар;
- Еңбек өтілі кем дегенде 5 жыл;
- Тиісті өңір аумағында кем дегенде 3 жыл тұрақты тұрған.
Қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріле бастайды
2023 жылдан бастап Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын тексере бастайды.
«Белгілі бір критерий бар. Бұл айына 100 немесе одан да көп аударым, бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса, бұл мәліметтер бізге келе бастайды», — деді МКК төрағасы Данияр Жаналинов.
Оның айтуынша, бірінші кезең 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайларына қатысты басталады.
Екінші кезеңде 2024 жылы квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері қосылады.
Үшінші кезең 2025 жылы жеке кәсіпкерлер бойынша деректер берілетін болады, ал соңғы кезең 2026 жылы аяқталады, ол кезде тексерулер Қазақстанның барлық азаматтары бойынша жүзеге асырылатын болады.
Жалпыға бірдей декларациялау
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін жалпыға бірдей декларацияны енгізудің бірінші кезеңі басталған.
Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары, ал 2024 жылдан заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылы — азаматтардың қалған санаттары декларация тапсыра бастайды. Яғни елдің барлық ересек тұрғындары міндеттеледі.
Жалпы, декларациялау көлеңкелі табыс шеңберін тарылтып, салық салуды нақты басқару аясын көздейді. Сол себепті де халықтың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей тіркеу осы 4 кезең ішінде жүзеге аспақ. Азаматтар алдымен декларацияның 250-нысанын тапсырады. Бұл активтер мен міндеттемелер туралы мәлімет. Осы процестен кейін халық 270-нысан аясында жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруы тиіс.
Декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі актив пен мүліктен басқа, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар және т.б. мүлкі көрсетіледі. Қолма-қол ақша да декларациялауға жатады. АЕК-тің 10 000 еселенген шегінен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Бүгінде бұл 30 млн 630 мың теңгені құрап отыр. Бұл ретте артық сома 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуы тиіс.
Сала мамандарының жалақысы өседі
2023 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Қазіргі кезде «Педагог мәртебесі туралы» Заңының оң әсерін көріп отырмыз. Президенттің қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы ұлғайтылды және 2023 жылғы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға өседі. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады», — деді Аcхат Аймағамбетов.
2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырды. Содан бері ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын 25 процентке өсіп келеді.
Айта кетсек, қазір мұғалімдерге жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы төленеді. Бұдан бөлек, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50%-ке дейін ұлғайды. Дәптер тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін үстемеақы екі есе артты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2023 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы – 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің табысы 20 пайызға өсетінін айтты.
2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 миллиард теңге бөлінді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзінше, 2022 жылы жалақы дәрігерлерге орта есеппен – 30, орташа медицина персоналына 20 пайызға көтерілген.
«Келесі жылы дәрігерлерге жалақыны орташа есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналына 250 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін және медицина қызметкерлерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін енгізу үшін тиісті заң жобасы әзірленді. Ол Мәжіліске енгізіліп, деутаттардың қарауында», — деген болатын Ажар Ғиният.
Осы мақсатқа бюджеттен 2021 жылға – 222,3 миллиард теңге, 2022 жылға – 361,7 миллиард теңге, 2023 жылы 557,4 миллиард теңге көзделген.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы 10 пайыздан 70 пайызға дейін көтеріледі. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.
«70% — қатардағы құрам үшін жоғарғы өсу, яғни бұл қызметке енді ғана кірісіп жатқан қызметкерлер. Ал 10% басқару тобына өрт сөндіру қызметінің басшылары, төтенше жағдайлар қызметінің басшылары кіреді», – деп түсіндірді Юрий Ильин үкімет ғимаратында.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, министрліктің жетекші қызметкерлерінің жалақысы өспейді.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ең төменгі жалақысы 2023 жылдан бастап шамамен 180 000 теңгені құрайды, деді Юрий Ильин.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Жамбыл өңіріне іс сапарында 2025 жылға қарай мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға дейін өсетінін айтты.
“2025 жылға қарай 20/20%-дан 100%-ға дейін жетеді. Жалақылар екі есеге көбеймек. Мемлекет еңбекақыны көтеруге әрқашан нетті. Алайда біз инфляция мен экономикалық жағдайды да екеріп, есептеуіміз керек. Нарықтың да кіріс-шығыстары бар”, — деді Дәурен Абаев.
Қазақстандықтар 2023 жылдан бастап төрт күндік жұмыс аптасына көше алады
Енді қызметкер бастығынан жұмыс кестесін өзгертуін өтіне алады. Келесі жылдан бастап күшіне енетін заңнамаға сәйкес, жұмыс аптасы біртіндеп бес күннен төрт күндік кестеге ауысады. Десе де, маман аптасына 40 сағат жұмыс істеуге міндетті.
Елді елең еткізген жаңалық іс жүзінде жүзеге асса, жұрт әдеттегідей 2 емес, аптасына үш күн демалып, өзіне, отбасына көңіл бөліп, жұмысбастылықтан арылады. Бұл өзгеріс, әсіресе, сағаттап кеңседен шықпай, жан күйзелісіне ұшыраған қызметкерлерге тиімді екен.
“4 күндік жұмыс аптасына келсек мәселе қарастырылуда. Бір айда төрт апта бар делік, сонда бірінші апта төрт күн, екінші аптада — бес, үшіншіде — алты және төртінші аптада — тағы да төрт күн болуы мүмкін. «Жазу кезеңі» деген бар, жалпы сағат саны осы мерзімнен аспауы керек. Ал қалған тармақтарды жұмыс беруші қызметкермен бірге шеше алады”, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.
Шетелдік көліктерді тіркеу құны 200 мың теңге болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді заңдастыруға бастапқы тіркеу үшін алым белгілеуді көздейтін өзгерістерге қол қойды.
Салық кодексіне енгізілген өзгертулерде заңдастыруға жататын көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым 200 000 теңге мөлшерінде белгіленеді.
Автокөлікті заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен және Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін басталады. Бұл ретте заңдастыруды алты ай ішінде жүргізу жоспарланған.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінетін шетелдік көліктерді бір реттік заңдастыруды жариялаған болатын.
Ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгереді
Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 1 қаңтардан бастап – 3 450 теңге деп есептеледі. Ал 40 567 теңге ең төменгі күнкөріс шегі деп бекітіледі. Сондай-ақ ең төменгі жалақы 60 000-нан 70 000 теңгеге артады. Бұнымен қоса, ең төмен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 24 341 теңге, ең төмен зейнетақы – 53 076 теңге болады.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту нормасы да қарастырылған заңға қол қойды. Яғни, келесі жылдан бастап жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді.
Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі
- Төрт балалы анаға – 16,03 АЕК немесе 55 303 теңге;
- Бес балалы анаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- Алты балалы ана үшін – 24,05 АЕК немесе 82 972 теңге;
- Жеті балалы анаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- Сегіз баласы бар ана үшін – 32 АЕК немесе 110 400 теңге.
Одан кейінгі балаларға 4 АЕК, яғни 13 800 теңге қосылып отырады. Демек, үйінде он баласы бар отбасы 138 000 теңге алады.
«Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталған аналардың жәрдемақысы 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Оларға енді ай сайын 25 530 теңге төленеді.
Үй жануарларын есепке алу басталады
Үй жануарларын ұстайтын қазақстандықтар енді оларды тіркеуге тұрғызуы тиіс. Әйтпесе олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай норма мәжілістің қарауында жатқан «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына енгізілген.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекованың айтуынша, үй жануарларын міндетті чиптеу 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізіледі.
Заң жобасы үй жануарлары иелерінің қаражаты есебінен ақылы негізде есепке алу құралын қолдану арқылы үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді.
Үй жануарлары бойынша барлық деректер ветеринарлық клиникалар базасына енгізілетін болады. Содан кейін жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Егер жануарды есепке алу және сәйкестендіру шарттарын орындамаса, әкімшілік жауапкершілік тартылатын болады. Тіркелмеген жануар анықталған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ні құрайтын болады. Қайталанатын болса одан сайын жоғарылайды.
Қаржы министрлігі темекі өнімдері құнын өсіру жоспарын өзгертті. 2023 жылдан бастап акциз мөлшерлемелері кезең-кезеңімен өседі. Мөлшерлемелер 2023, 2024 және 2025 жылдарға бекітілген.
Фильтрі бар темекі:
2023 жылы — 1 000 данаға 14 100 теңге;
2024 жылы — 1 000 данаға 15 900 теңге;
2025 жылы — 1 000 данаға 15 900 теңге.
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі өседі
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2023 жылға арналған зейнетақы жинақтарын пайдаланудың шекті мәнін жариялады.
Қазақстанда жеткіліктіліктің жаңа шегі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 2023 жылға арналған шек жасына байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейін болды.
20 жастағы қазақстандықтар үшін бұл көрсеткіш 3 миллион 260 мың теңгені (2022 жылы — 3 миллион 140 мың теңге), 30 жастағы азаматтар үшін – 4 миллион 580 мың теңгені (2022 жылы — 4 миллион 370 мың теңге), 40 жастағы азаматтар үшін — 6 миллион 100 мың теңгені (2022 жылы жыл — 5 миллион 790 мың теңге) құрады.
Коммуналдық тарифтер өседі
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 жылы коммуналдық тарифтер өсетінін айтты.
«Келесі жылда, яғни екінші жартыжылдықтан бастап тиісті өзгерістер болады. Себебі субъектілерге, содан кейін мемлекеттік меншікте болатын субъектілерге өз жұмысын жаңғыртып, желілерді жаңарту керек. Президент сайлауалды бағдарламасында тиісті көрсеткіштерді белгіледі. Осы орайда жүргізілген есептеулар аясында желілердің тозу көрсеткішін 15-20 пайызға төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ. Ең күрделі нысандарды қараймыз. Олар жан-жақты зерттеледі. Оған байланысты тиісті тарифті көтеру мәселесі қаралады», — деді Қуантыров.
Білім саласындағы өзгерістер
Келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, келесі жылы ҰБТ тапсыруда да өзгерістер болады. Талапкерлерге «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 5 тест тапсырмасы қосылады. Ал бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін қысқарады. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар 8-ден 6-ға дейін азаяды.
Сондай-ақ жаңа 2022-2023 оқу жылында оқушылар 31 мамырға дейін оқиды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Келесі оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталады. Яғни жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәстүрлі жазғы демалысқа шығады. Сәйкесінше жаз айлары толығымен балалардың демалыс уақыты бола береді», — деген Аймағамбетов үкімет отырысында.