Қаңтар… өрт пен аяз: 2022 жылы дүр сілкіндірген оқиғалар

0

2022 жыл Қазақстан үшін күрделі болды. Қаңтардың алғашқы күндерінде халық дүрк көтерілсе, күзі өртке, қысы ерте аязға ұласып, қалаларда тұрғындар суық пәтерде қалды. Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада қазақстандықтардың есінде қалған төтенше жағдайлар мен оқиғалар легін шолып шықты.

Қанды Қаңтар

2022 жылдың қаңтар айы Қазақстан тарихында ұмытылмайтын оқиға болып қалары анық. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ауқымы жағынан мұндай оқиға – ең ірісі де, қайғылысы да шығар… Әуелі «ГАЗ-50» ұранымен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан басталған наразылық акциясына біртіндеп Қазақстанның бүкіл қалаларының халқы қосыла бастады. Газ бағасы жалпы елдегі әлеуметтік наразылықтарға мұрындық болғанын, халықтың жемқорлықтан шаршап әділдік іздеген ашуынан туғаны анық еді. Митингтердің арты қанды Қаңтарға ұласты. Әкімдіктер қирады, адамдар опат болды, артынша туысын құқық қорғау органдары қызметкерлері азаптаған, жер-жерде көмек сұраған адамдардың видеосы тарай бастады.

БАҚ-қа тараған ақпаратта президент резиденциясы ғимараты, Алматы әуежайы мен ұшақтары, сонымен қатар бірнеше телеарнаның филиалы мен газет ғимараттары басып алынғаны жазылды.

Президент Тоқаев болған оқиғаны сыртқы агрессияға теңеп, ҰҚШҰ-ға мүше елдерден көмек сұрады.

«Бандиттік элементтер тобы әскери қызметшілерді сабап, жалаңаш көшеде алып жүр, әйелдерді қорлап, дүкендерді тонап жатыр», — деді халыққа үндеу тастаған Тоқаев.

Осы оқиғалардан кейін елде 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Өңірлерде төтенше жағдай күшінде болған уақытта сағат 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін комендант сағаты болып, көшеге шығуға рұқсат берілмеді. Үкімет отставкаға кетті.

Қаңтар оқиғалары кезінде мемлекет ғимараттарына келтірілген шығынның 30 млрд теңге екені айтылды. Көшеге шығып, дегенін істегендердің қолынан кәсіпкерлер де зардап шекті.

Қаңтар оқиғаларының салдары кейін 98 млрд теңгеге жеткені туралы да мәлімет таратылды. Мың жарым ғимарат қирап, 700 автокөлік өртеніп, бұзылып, іске жарамай қалды. Қаңтар оқиғаларына қатысы бар адамдардан ұрланған 350 млн теңгенің мүлкі тәркіленді.

Кейін қанды оқиға кезінде 238 адамның қаза тапқаны белгілі болды.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғаларына қатысқандарға рақымшылық жариялады.

Жыл соңында мемлекет басшысы Қаңтар оқиғаларының құрбандарына арналған мемориалдың ашылу салтанатына қатысты.

Қаңтар шындығы әлі де ашық айтылған жоқ, бірақ. Қоғамға сол кездегі ақиқаттың айтылуы керектігін таяуда Парламент депутаттары талап етіп, Бас прокуратураға хат жазды.

Өртке ораған қыркүйек

Қыркүйекте Қазақстанның бірнеше өңірінде дала мен орман өртеніп, жұртты әбігерге түсірді.

Алдымен Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы орман массиві «отқа оранды». 2 қыркүйекте тұтанған өрт 10 қыркүйекте ғана сөндірілді. Өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге жел, қатты аптап ыстық, кіреберіс жолдардың болмауы кедергі келтірді.

Өрттің салдарынан үш ауылдағы 100-ге тарта нысан іске (көбі үй) жарамай қалды. Құтқарушылар 2 091 адам қауіпсіз жерге көшірген. Көз жұмған адам да болды.

Төтенше жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарымен барып, Әулиекөл ауданындағы дала өртін сөндіру жұмыстарының барысымен танысты.

Кейін брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт аумағы 43 мың гектарға ұлғайғанын хабарлады.

Қостанай облысындағы ірі табиғи өртке қатысы бар деген күдікпен жергілікті орман шаруашылығының басшысы тергеуге алынып, қамалды.

Дәл осы кезде еліміздің тағы бір өңірі өртке оранды. Шығыс Қазақстан облысында табиғи апатқа құрғақ шөп себеп болды. Алдымен өрт Катонқарағай ауданында тұтанған. Бірнеше күн ішінде ауыздықталған өрттің ізінше облыстың басқа аймақтарында да жаңа өрттер тұтап жатты.

Осы кезеңде табиғи өрттер Алтай өңірінде, Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое аудандарында, сондай-ақ Өскеменге жақын маңда да тіркелді. Өрттерден келген шығын бір миллиард теңгеден асты. Қыркүйек айында болған орман өрттерінің жалпы ауданы 11 мың гектардан астам аумақты құрады, оның 6,6 мың гектары орман. Өртті сөндіруге 31 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай…

Техногенді апаттарға күздің соңында ЖЭО-лардағы ақаулар қосылды. Алдымен, Шығыс Қазақстанның Риддер қаласындағы жылу электр орталығынан ақау шыққан. Әдетте, бір өңірде шыққан осындай мәселені жергілікті атқарушы орган еңсеретін. Бұл жолы бүкіл ел болып жұмылуға тура келді.

Ұқсас сценарий бойынша, бірақ ауқымдырақ және салдары қиын жағдай Екібастұзда қайталанды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр оны «аса үлкен» апат көрмесе де, ауқымы аз емес: қалада жүзге жуық тұрғын үй (5100 пәтер және 13 мың адам) аязда 10 күн бойы жылусыз қалды.

Содан кейін үкіметте осы келеңсіз тәжірибеден сабақ алып, басқа қалаларда мұндай жағдайдың орын алуына жол бермеу керек деген ойлар айтыла бастады. Десе де, жылу электр станцияларындағы апаттар Қазақстанның басқа қалаларын әлі де дүр сілкіндіріп жатыр. 30 градус аязда Семейдегі жылу электр орталығында апат орын алды. Ал бірер күн бұрын жылу трассасында болған апат салдарынан Қостанайда 30 көпқабатты үй, әуежай мен мектеп жылусыз қалды.

Қайғылы қараша

Қараша айының басында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында қайғылы оқиға орын алды. Қарағанды ​​облысының Шахтинск қаласындағы шахталардың бірінде газ бұрғылау ұңғымаларын бұрғылау кезінде кенеттен газ шығып, бес кенші қаза тапты.

Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан төрт кенші зардап шекті, олар ауруханаға жатқызылды. Алдын ала диагноз — метаннан улану.

Бірнеше күннен кейін тағы бір қайғылы оқиға болды. 16 қарашада елордадағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде 11-қабаттағы пәтер өртенді. Өртенген пәтерде адамдар болған. Өрт сөндірушілер бес адамды, оның ішінде бір баланы құтқарып, 10 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Адамдарды құтқара отырып, өрт сөндірушілердің өзі зардап шекті. Оқиғадан кейін екі өрт сөндіруші ауруханаға жеткізілді. Солардың бірі Асқар Забикулин қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

22 қарашада Асқарды Көкшетауда соңғы сапарға шығарып салды. Қаһармандықпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің артында әйелі мен кішкентай баласы қалды.

8 қарашада тағы бір қайғылы оқиға тіркеліп, екі автобус соғылып, адамдар қаза болды.

Барыс жылы осындай ел осындай қиындықтардан өтті. Қоян жылы, құт болғай…