Министрлік қазақ тілінде жауап бермеген маманға сөгіс жариялады

0

Кеше сайтымызда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкері Сұлтан Тұрысбекұлы БАҚ өкіліне мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқаны туралы ақпарат шыққан еді. Осы оқиғаға байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері жауап берді деп хабарлайды kznews.kz тілшісі:

«ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті өз кезегінде ТМРК-ның аумақтық департаменті қызметкерінің мұндай мінез-құлқы қабылдауға келмейді және мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне нұқсан келтіреді деп есептейді.
Осыған байланысты, Қарағанды облысы бойынша ТМРКД басшысының 2022 жылғы 27 тамыздағы бұйрығымен Қарағанды облысы бойынша ТМРКД қызметкері, бас маман Сұлтан Тұрысбекұлы Садырбаев сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды» — дейді комитет өкілдері.

Естеріңізге салайық, әлеуметтік желіде тараған видеода орыс тілінде сөйлеп отырған комитет маманы, қазақ тілінде сауал жолдаған журналистке мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартады:
Журналист: «Мен сізге қазақша сұрақ қойып тұрмын, неге жауап бермейсіз? »
ҚР ҰЭМ «Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті» Бас маманы Садырбаев Сұлтан Тұрсынбекұлы:
«Пожалуйста, не устраиваете здесь балаган» деп жауап береді.

Мұндай жауаптан кейін Жезқазған қаласының әкімі микрофонды алып, маманға этика сақтауын сұрап және мемлекеттік тілде жауап беру керек екенін айтады.