Мәскеу саны аз халықтарды жойып жатыр — Эрзя халқының өкілі

0

Ресейдің ішкі саясатына байланысты бұл мемлекет территориясындағы кейбір байырғы халықтар жойылу алдында тұр. Бұл тек Кремль тарапынан жасалған этноцидтен басқа ешнәрсе емес. БҰҰ Тұрақты форумының ХХ сессиясында Мәскеуге осындай айыптаулармен Эрзя халқының инязоры (бас ақсақалы) Сыресь Боляень айтты, оның сөзін Украинаның ұлттық еске алу институтының қызметкері Павел Подобед Facebook-те келтіріп отыр.

«Соңғы 30 жыл ішінде Эрзя миллиондық ұлттан толық жойылу алдында тұрған шағын этносқа айналды. Соғыссыз, эпидемиясыз және мәжбүрлі депортациясыз. Біздің Идел-Орал аймағындағы көршілеріміз осындай жағдайға тап болды: мокша, удмурт, мари, чуваш, башқұрттар және татарлар.

Ресей халықтарына өздерінің саяси партияларының, университеттерінің болуына немесе мектептерде ана тілінде оқуына тыйым салды. Тек ұлттық киімде билеуге рұқсат етіп отыр. Өз халқының құқығы үшін күресетін кез-келген адамды полиция экстремист ретінде қудалайды немесе есі ауысқан адам сияқты мәжбүрлі психиатриялық емге ұшыратады», — дейді Боляень.

Оның баяндамасы БҰҰ-ның эрзя тілінде өткен ресми іс-шарасындағы алғашқы сөзі болғанын айту керек. Сонымен қатар, спикердің артында екі жалау — Украина және Эрзя мемлекеттік туы қойылды. Эрзя халқының инязоры (бас ақсақалы) Сыресь Боляень өз сөзін айту барысында халықаралық қауымдастықты Ресейге қысымды күшейтуге шақырды.

«Эрзя коронавирустық пандемиядан аман қала алады, бірақ Ресейде өмір сүре алмайды. Тек Мәскеуге жасалған халықаралық қысым ғана бізді этноцидтің соңғы кезеңінен құтқара алады», — деп баса айтты ол және БҰҰ-ның байырғы мәселелер жөніндегі тұрақты форумының хатшылығына Ресейдегі байырғы халықтардың құқықтарының бұзылуы туралы мәлімдеме жеткізді.

Еске сала кетейік, тың жерлер игеріле бастағаннан кейін Қазақстанда 1954-1959 жж. республикамыздың байырғы халқы ұлттық азшылыққа айналды. Тек АҚШ пен басқа елдердің — оның одақтастарының арқасында ғана БҰҰ мінберінде қазақ халқының қиын демографиялық, тілдік және ұлттық жағдайы туралы мәселе көтеріле бастады. Бұл шаралар тың игеру кезеңіндегі күшті орыстандыруға қарамастан, қазақ халқының аман қалуына ықпал еткені даусыз.

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті