Желіде "маскадағы адам" деп аталып кеткен белгісіз азамат 30 отбасыға су жаңа 30 пәтер сыйлап, үлкен жақсылық жасағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәліметке қарағанда, қайырымдылық аясында көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және асыраушысынан айырылған адамдарға толық дайын күйдегі пәтерлер табысталған. Жалпы сыйға берілген баспаналардың құны шамамен 1 миллион доллар көлемінде бағаланып отыр.
Бұл оқиғаға қатысты әнші Меруерт Түсіпбаева да әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, оқырмандарына сұрақ қойған.
"Ораза айында бетперде киген жігіт 30 отбасыға 30 пәтер сыйлады. Бұл жігіт кім болуы мүмкін?" – деп жазды ол.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі қайырымдылықтың артында Димаш Құдайберген болуы мүмкін деген болжам айтты. Пікірлерде "Бұл Димаш шығар", "Біздің Димаш қой", "Мүмкін інісі арқылы жасап жатқан болар" деген жорамалдар жиі кездеседі.
Ал кейбір желі қолданушылары бетперде таққан азамат Сәкен Майғазиевке ұқсайды деп жазып, "Бұл Сәкен Майғазиев болуы мүмкін", "Сәкенге қатты ұқсайды екен" деген пікір қалдырған.