Мақсат Толықбай келген белгісіз қоңырау туралы: Әлихан Бөкейхановты насихаттай бермеңдер деді

0

Белгілі тележурналист, «Ашық алаң» бағдарламасының жүргізушісі Мақсат Толықбай Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Алаш қайраткерлерін насихаттауға кедергі болған белгісіз адамдар жайында пікір білдірді.

Бұл жайлы Orda.kz хабарлайды.

– Алашорда қозғалысының 100 жылдығы кезінде конференциялар мен бәйге ұйымдастырдық. Көкпар да өткіземіз дегенбіз. Сол кезде белгісіз адам қоңырау шалды. Белгісіз болғанда оның ар жағында тұрған – «үш әріптілер». Аты-жөнін білмеймін. «Сендер байқаңдаршы, қатты кетіп бара жатырсыңдар ғой. Алаш қайраткерлерін қатты айта бермеңдер, жарайды енді 100 жыл болыпты, конференция өтті, осымен тоқтатыңдар» деген мағынадағы әңгіме айтылды, – деп қызықты қоңырауды еске алды.

Тележүргізуші мұның себебін әділетті қоғам орнатуға мүдделі еместердің көптігімен байланыстырады.

– Мүмкін өліп қалған Әлиханның әруағынан әлі қорқатын шығармыз. Өйткені сол Алаш идеялары бізде әлі маңызды. Біздің қоғам оны ұлықтауға әзір дайын емес. Оның заманында да қазақтың басы қосылмай кетті. Қазір де қосылмайды. Біз осылай «сен жаман, мен жаман» деп отыра береміз. – деді тележүргізуші.

Журналистің ойынша Қазақстанда аяқтан тарту жүйесі орнаған.

– Кім басын көтереді, соның аяғынан тарту керек, болды. Қазір азаматтарды қолдасақ, біз күшке айналып кетеміз. Бізді көрген ауылдың жастары «ағалар қазақтың басын қосып бірігіп жатыр. Қарап отырмай біз де тәуелсіз ұйым құрайық. Ауыл, аудан деңгейінде депутаттардың жұмысын бақылайық» деп шығады. Сосын мұғалімдер комиссияға ақша жинамаймыз деп бас көтереді. Не болады сонда? Әділетті қоғам орнап кетеді. Бір-бірлеп өшіру оңай. Сондықтан араздастырып қояды. Осылай әлі 30 жыл отырамыз. Аяқтан тарту жүйесі жақсы «жемісін» беріп келе жатыр.

Сұхбаттың толық нұсқасы: