«Аштық жариялаймыз, болмаса өзімізді өртейміз»: Қарағандыда әйелдер көмек сұрады

0

Қарағандыда қамауға алынғандардың жақындары аштық жариялауға дайын. Осымен екінші рет облыс прокуратурасының алдына жиналған олар егер құзырлы орган істің ақ-қарасын анықтамаса өздерін өртейміз деп сес көрсетті. Қамаудағы азаматтардың туыстары облыс прокуроры Марат Сексембаевтың қабылдауына осымен екінші рет келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін наразылар құқық қорғау орындары туыстарын жазықсыз қамап тастағанын айтқан еді. Жәбірленуші Талғат Балмағамбетовтің арызынан кейін бірден төрт адам тергеу изоляторына жеткізілген. Бұған себеп — Шахтинск қаласының Долинка кентіде екі жыл бұрынғы түсірілген мына видеодағы төбелес. Топтың ішінде болған Талғат Балмағамбетов жарақат алдым деп құзырлы органдарға арыз жазған. Жиналғандардың жақындарын «мені өлтірмек болды» деп айыптаған.

Құзырлы орган істі тергеп, күдіктілерді бірден қамауға алған. Қамауға алғандардың жақындары енді аштық жарияламақ.

«Біз аштық жариялауға мәжбүрміз. Бала-шағамызбен келіп прокуратураның алдына қонамыз. Ол болмаса өз-өзімізді өртейтін боламыз. Құзырлы органдар бізді естісін», — деді Шахтинск қаласының тұрғыны Ирина Хасанова.

«Келіншектерге қосылып аштық акциясын жариялаймын мен де. Төрт кәмелетке толмаған баламды әкелем де жатамын енді прокуратураның жанында. Мен балам үшін әртүрлі іс- әрекеттерге баруға дайынмын», — деді Шахтинск қаласының тұрғыны Жұпар Жұмабекова.

Әділдік іздеген жұрт бұл жолы да прокурордан мардымды жауап ала алмады. Себебі іс тек бүгін ғана прокурордың қолына түскен екен.

«Шағымдар өндірісімізде, істі қарап, одан кейін жауап береміз», — деді Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев.

Ол істің мән-жайын төрт күннен кейін айтуға уәде берді.

Ал арыз жазған Талғат Балмағамбетов бұл жолы да қандай бір жауап беруден бас тартты.