Малайзиядағы қазақ студенттері жаңа жылды қалай қарсы алады?

0

Кейбір адамдар жаңа жылды қарсыз елестете алмаса, тағы біреулер экзотикалық жерде жыл басын қарсы алғанды ұнатады. Жыл он екі ай ауа райы жылы, тек маусымды муссондар ғана салқын леп әкелетін мекендердің бірі – Малайзия. Мұнда жүрген қандастарымызбен informburo.kz тілшісі сұқбаттасып, олардың жаңа жылға дайындығын сұрап білді.

Малайзияда қазақтар немен айналысады?

Күлтегін Аспанұлы есімді қазақ студентінің айтуынша, Малайзияда бұрыннан тұрақтаған қазақтар жоқ. Ол жақта көбіне білімін арттыру мақсатында барғандарды ғана кезіктіруге болады.

– Мұнда жүрген қазақтардың барлығы дерлік – студенттер. Арнайы табыс табу мақсатымен не бизнесін дөңгелетуге келген қазақстандықтарды кезіктірмейсің. Себебі, Малайзиядағы жалақы мөлшері Қазақстандағымен бірдей. Тек ағылшын тілді қоғам болғандықтан, мұнда тіл үйрену тиімді, – дейді Күлтегін informburo.kz тілшісіне.

Қазақ студенті Малайзияға ағылшын тілін жетілдіру мақсатында осы жылдың қыркүйек айында келген. Ол аз уақытта тіл білу деңгейін әлдеқайда көтеріпті.

– Қазақстанда жүріп ағылшын тілін үйренуге ортаның жетіспейтінін түсіндім. Ағылшынша күнде сөйлеп машықтану арқылы ғана тілді тез үйренуге болады. Малайзияда ағылшыншаңызды жаттықтыруға орта бар, – дейді ол.

Жаңа жыл лебі сезіле ме?

Малайзия өзінің тамаша табиғатымен және экзотикасымен танымал. Күлтегін Малайзияға келмей тұрып, жасыл түстің бір ғана түрін білгенін айтады. Ал, Малайзияның мәңгі жасыл ормандарынан жасылдың мың түрлі түрін көресің.

– Жаңа жылдың лебі біз сияқты енді ғана келген шетелдіктерге сезіле қоймайды. Бірақ, малайлар үшін жаңа жыл – асыға күтетін мейрамдың бірі екен. Аптап ыстыққа шыдамай, хауыз іздеп жүргенде, жаңа жылды көзге елестету қиын, әрине. Бірақ, дүкендер мен әртүрлі мекемелердің жаңа жылға дайындық декорациялары мен қала ішіндегі қоғамдық орындардың безендірілуінен мейрамның келе жатқанын сезінесің, – дейді отандасымыз.

Малай халқына қар таңсық


Малай халқына қар таңсық / Фото Күлтегін Аспанұлының жеке мұрағатынан


Қазақстанда төрт түрлі мезгілді көріп үйренген Күлтегінге Малайзияның жыл 12 ай жазына бейімделу қиындау.

– Қазақстанда қыс жақындаса, жылы киімдерді алып, көктем алдында Наурызды аңсап жүресің. Барлық маусымның өщіне тән ерекше құбылыстарын өз уақытында бастан өткерудің өз ләззаты бар. Ал, мұнда тек жаз мезгілі болғандықтан, уақытыңды да босқа өткізііп жатқандай сезінеді екенсің. Жаңа жыл дегенді әсте сезінбейсің, – дейді ол.

Қазақтар жаңа жылды қалай тойламақ?

– Өзіме таныс біраз қазақтар жаңа жылға елге қайтып жатыр. Ал, Малайзияда қалуды жоспарлағандар бірігіп, ел астанасы Куала-Лумпурдан алыс емес Лангкави немесе Пенанг деген аралдарының біріне бармақ, – дейді Күлтегін.

Күлтегін аталған аралдардың маусымдық саяжайларында жаңа жылды қарсы алу бастапқыда біртүрлі естілгенімен, ерекше тәжірибе екенін айтады. Десе де, өзі аталған аралдарға баруды жоспарлап отырған жоқ екен.

– Жазда жаңа жылды тойлап көрмегенбіз. Өзім Шымкент қаласынан болсам да, жаңа жылды қар мен суықтың лебі сезіндіретін, – дейді Күлтегін.


Малайзияда оқып жүрген қазақ студенттері / Фото Күлтегін Аспанұлының жеке мұрағатынан


Күлтегін аталған аралдардың бірінде жаңа жылды қарсы алуға біршама қомақты қаржы жұмсауға тура келетінін айтады. Сондықтан, олар Куала-Лумпурдың өзінде қазақстандықтармен бас қосып қарсы алмақ.

– Бір жағынан достарыммен осында қалып, Петронас жанында жаңа жылдық отшашуды көрсек пе деп отырмыз. Жергілікті малай халқының өкілдері от шашудың ерекше сезім сыйлайтынын айтты. Содан біз жаңа жылды Куала-Лумпурда қарсы аламыз деп шештік, – дейді студент.

«Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне саяхаттау көп қаржыны қажет етпейді»

«Азия барысы» атанған мемлекеттер мен Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан өзге де елдерде туризмнің жоғары деңгейде дамығаны белгілі. Отандасымыз Сингапур, Малайзия және Таиланд сынды елдерге саяхаттауға айтарлықтай көп қаржы кетпейтінін айтады.

– Мұнда оқумен жүріп, аз болса да, бос уақытыңда қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Мен осындағы достарыммен бірге бразилия тағамын дайындайтын ресторанда уақытша даяшы болып жұмыс істедім. Сабақтан бос кезде, азды көпті еңбек етіп, бір айда тапқан табысымызды саяхатқа жұмсадық, – дейді Күлтегін.


Күлтегін достарымен бірге Сингапурда / Фото Күлтегін Аспанұлының жеке мұрағатынан


Ол қараша айында достарымен бірге Сингапур мен Таиландқа барып қайтқан. Оның айтуынша, Сингапурда шығын біршама көбірек болған. Ал, Таиландта демалу еліміздегі Бурабайдың бағасынан 2-3 есе арзан.

– Бұл жақтың табиғатына ғашық болдым. Мұндай экзотиканы тамашалаған кезде көзіңді жұмғың да келмейді, – дейді ол.

Күлтегін қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аудару үшін тіл үйреніп жүр

Күлтегін Аспанұлы жоғары білімін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде әдебиеттану бойынша алған. Алматыда оқып жүрген кезінде шетелдің танымал жазушыларының шығармаларымен танысып, олардың туындыларын түпнұсқасында оқығысы келген. Оның осы қызығушылығы ағылшын тілін үйренуге итермеледі.

– Бала кезімнен әдебиетке жақын болдым. Шетел әдебиетіне кірісе бастағанымда ұстазымның шығарманы төл нұсқасында оқудың маңыздылығын айтқаны есімде. Расында аударма сапалы болғанның өзінде жазушы суреттеген образды не идеяны аудармашы жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан жазушының миссиясын іштей танып білу үшін, еңбегін оның тілінде оқу керек, – дейді Күлтегін.

Одан бөлек, Күлтегін ағылшын тілін жетік меңгергеннен кейін қазақ әдебиетіндегі өзекті туындыларды ағылшын тіліне аударып, қазақ әдебиетін дүние жүзіне танытуды ойлап жүр. Оның ойынша, қазақ әдебиеті әлемдегі өз биігіне жеткен жоқ. Оған қазақша шығармалардың ағылшын тіліне аударылмауы себеп.


Күлтегін бос уақытында суретке түсірумен айналысқанды ұнатады / Фото Күлтегін Аспанұылының жеке мұрағатынан


– Қазақ жазушыларының арасында Нобель сыйлығы иегерлерінің болмауы олардың еңбектерінің сапалы түрде аударылып, әлемге танылмауында. Әйтпесе, бұл сыйлыққа лайық бірталай тұлғаларымыз бар, – дейді қазақ студенті.

Күлтегін Малайзияда тіл үйреніп келгеннен кейін АҚШ-та магистрлік білім алуды жоспарлап отыр. Ол студент кезінен «салыстырмалы әдебиет» саласын зерттейді екен. Оның таңдаған саласы тек Чикаго университетінде тереңдеп оқытылады. Сондықтан, сол жоғары оқу орнында білім алуды көздеп отыр.

Қазақстан Сингапур және Малайзия сынды «Азия барысына» айнала ала ма?

Қазақстан үкіметі және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур даму тәжірибесін жиі ескеріп, даму реформаларында қолданатыны белгілі. Расында олардан үйренеріміз көп.

– Әр елдің даму прогресі айрықша және бір-бірінен ерекше. Бірақ, бір елдің тәжірибесін енгізу арқылы жоғары жетістіктерге жету мүмкін емес. Оны біз өз менталитетімізге бейімдей алуымыз керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге ие боламыз, – дейді Малайзиядағы қазақ студенті.

Күлтегіннің айтуынша, Малайзияда биліктегі шенеуніктер мен қарапайым халық пікірінің бір арнада тоғысуы айқын көрінеді. Сол себепті де үкіметтің бағдарламалары мен олардың жүзеге асырылуы объективті тұрғыда жоғары нәтиже береді.

– Бір сөзбен айтқанда шенеунік халыққа адал қызмет етіп, қарапайым xалыққа барынша жақын әрі қолжетімді қызмет көрсетсе, ел дамиды, – дейді отандасымыз.

Қазақстан Малайзия тәжірибесінен не үйрене алады?

Малайзияда жүргеніне бірнеше айдың төңірегі болғанына қарамастан, Күлтегін елдің жүйелі даму үдерісін зерттеп үлгерген. Ол малай халқының әңгімеге ашық екенін айтады.

– Кез келген малай ұлтының өкілімен сөйлессең де, Малайзия үкіметіндегі азаматтарға сенім артатынын айтады. Себебі, шенеуніктер өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінеді. Адал еңбек етеді, – дейді Күлтегін.

Оның айтуынша, Қазақстан «Азия барысына» айнала алады. Ол үшін қарапайым халық мемлекеттік қызметкерге сол деңгейде сенім арта алуы тиіс. Ал, олар әзірге, ондай сенім деңгейіне жете қойған жоқ.

Дереккөз: https://informburo.kz