«Лотерея деген – харам! Мен барлық жігіттерге де айтқанмын»: Айдар Тұрғанбек ұтыс ұйымдастырған әншілердің қылығын жақсылыққа баламады – Қазақстан жаңалықтары

0

Жуырда ғана әлеуметтік желіде лотерея ойнатқан Ернар Айдардың басы дауға қалған еді. Жалған жарнамамен жұртты алдаған танымал әншінің әрекеті өзге өнерпаздарға да сабақ болған секілді. Мәселен, «Жігіттер» тобының мүшесі Айдар ұтыс ұйымдастырған әріптестерінің қылығын жақсылыққа балап отырған жоқ. Ол осы уақытқа дейін жеңіл ақша табуға талпынған танымалдарға талай мәрте ескерту жасағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Лотерея деген – харам! Мен үнемі айтып жүрмін. Ол адал табыс емес. Сондықтан, басында шыққанда бұл нәрсеге қарсы болғанбыз. Бұл туралы менің ойым теріс. Мен барлық жігіттерге де айтқанмын. Бұл нәрсе болмайды деп. Иә, өнер адамдары да кінәлі. Бұл нәрсені негізі сұрау керек. Маған да адамдар келген. «Ұйымдастырайық, екі миллион теңге беремін, мына машинаны тігейік» – деді. Мен ойнатпаймын дедім. Ол жігіттер көп жалынып жүрді. Одан да көп ақша ұсынды. Мен бірден бас тарттым. Сондықтан, бүкіл әншілерге айтарым: «Жеңіл ақша табу, біздің асыл дінімізге қарсы болатын ақша табу – қор болуға, күлкі болуға алып келеді. Сондықтан, бұл нәрсеге жоламаса екен», – дейді «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбек. 

Айтпақшы, ұтыс жайлы ұсыныс түссе, Әли Оқаповтың да төбе шашы тік тұрады. Өйткені, өнерлі отбасының өкілі үшін арзан жолмен ақша тапқаннан гөрі, оқырмандар алдындағы абыройдың бағасы биік.  

«Лотерея болсын, гив болсын, қазір жаңасы шықты – «круг» деген.  Шынымды айтамын, мен біреуіне де қатысқан жоқпын. Ұсыныстар өте көп болды. Тіпті, бірнеше рет біздің әріптестеріміз де маған ұсынған. Жай ғана бір видеоны түсіріп алып, шынымен де жаман емес ақшаны табуға болатынын айтқан. Неге екенін білмеймін, мен әрқашан бас тартқанмын. Менің көзқарасым бойынша, сенің оқырмандарыңның көңілін пайдаланып, осындай әрекет жасағаның әділетсіз сияқты. Олар сені өнерің үшін оқиды, бағалайды ғой. Жалпы, біздің жанұямыз осындай нәрселерден сәл алыстау. Сондықтан, біз оған қатыспауға тырысамыз!» – деді Әли Оқапов. 

Ал, Арман Дүйсеннің бұл тақырыпқа қатысты түсінігі тым басқа. Танымал композитордың айтуынша, ұйымдастырушы тараптың құжаты – заңды, ұтыс – әділ өтсе болғаны…

 «Егер заңға сәйкес болса, кез-келген бизнес түріне қарсы емеспін. Егер рұқсат етілген болса, әрі тиімді болса, әрі беріден соң тіпті өзім де бақ сынап көруім әбден мүмкін. Бастысы заң менен ар-ожданыңның алдын таза, адал болуың керек», – дейді Арман Дүйсенов.  

Қазнетте қызу талқыға түскен «лотерея» дауынан Сейфуллин Жолбарыс та хабардар екен. Алайда, музыкант мұндай істің арам екенін бала кезден жақсы біледі. Себебі сазгер әкесінің айтқан ақылын жадынан еш шығарған емес.  

«Лотерея деген ойын баяғыдан бар ғой. Өз басым ешқашан лотерея ойнаған емеспін, ойнамаймын да. Менің мектеп кезімнен бастап әкем: «Ондай нәрсеге қызықпа, балам. Ондай ойынға жолама» – деген еді. Сондықтан, әлі күнге дейін ондай нәрсеге қызықпаймын. Лотерея туралы ойымды әкем түйіп қойған», – деп қысқа қайырды Сейфуллин Жолбарыс. 

Ал, халықты алдаған Ернардың Айдардың қазіргі жағдайы мен оның әрекеті жайлы әріптестері не дейді? Алдағы күндері айтамыз! 

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз