«Келіншегіме жасаған сыйлығым»: жамбылдық жігіт жалғыз көлігін сатып, әйеліне гүл бағын салып берді

0

Жамбылдық жігіт Досжан Жамбылов қыс мезгілінде қызғалдақ өсіреді. Ол жұбайының тілегін орындап, үйінің ауласынан көктем гүліне арналған шағын жылыжай ашқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аса ауылының тұрғыны аймақ бойынша алғаш рет кәсіптің жаңа бағытына бет бұрып отыр. Ол көлігін сатып, кәсібін бастаған. Досжан Жамбылов қызғалдақ кәсібіне әйелінің сұрауымен келгенін айтады. Оның сөзінше, жары жауқазынды жақсы көргендіктен осы кәсіппен айналысуға қолқа салған. Кейіннен екеуі отбасылық кәсіп ашады. Жас бағбан Голландиядан 17 мың түп қызғалдақ алдырып, оны Жамбыл жеріне жерсіндіреді. 3,5 млн теңгеге 2 сотық жылыжай салады. Бүгінде онда лалагүл тұқымдасының 10-нан аса түрі жайқалып тұр. Қызғалдақ.

«Бұл идеяны әйелім ортаға салды. Гүлдерді жақсы көретіндіктен, гүл бизнесін бастауға ниет білдірді. Мен жарымның бұл ұсынысын бірден қолдадым. Бұл бір жағынан отбасыма, келіншегіме жалғыз көлігімді сатып жасаған сыйлығым десем де болады. Бұл салада бәсекелестік орта тығыз емес. Сондықтан жақсы табыс табамыз деген ниетіміз бар. Болашақта 2-3 жылыжай салып, 50 мыңнан астам қызғалдақ өсіруді жоспарлап отырмыз. Қызғалдақ өсіру кәсібін жандандырып, жанұяммен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын кәсіпке айналдырғым келеді», — дейді Аса ауылының тұрғыны Досжан Жамбылов. 31 жастағы кәсіпкер қызғалдақ өсірудің қызығымен қатар, қиындығы да мол екенін айтады. Әсіресе желтоқсан мен ақпан айларында өсіретіндіктен жылыжай ішінде тұрақты температура болуы керек. Іші жылып кетсе, желдеткіш қосып суытып та алады. Қызғалдақтар ерекше күтімді қажет ететіндіктен отбасылық кәсіпке ата-анасы да көмектеседі. Гүл өсіретін жылыжай.

«Биыл қыс мезгілі қатты суық болды. Сондықтан сырт елден алдыртқан гүлдеріміз солып қала ма деп қатты қорықтық. Кейбірі жаурағандықтан стресс алған. Бірақ жылыжай ішінде +5-6 градустағы қалыпты температураны ұстап тұра алдық. Қазір +22-25 градусқа дейін жылы боп тұр. Ал топырағының өзі 14 градус жылы болып, ылғалдығы 50 пайыздан кем болмауы керек. Қараңғылап қоямыз, өйткені қызғалдаққа күн көзі тиіп кетсе, оның бойы өспей, бірден гүлін ашып жібереді. Сондықтан біз үнемі көлеңкелеп отырамыз», — дейді бағбан Досжан. Өңірде бұрын болмаған қызғалдақ шаруашылығы үшін кәсіпкер мемлекеттен ақша алмаған. Ал облыстық ауылшаруашылығы басқармасы аумағы 1 гектарға жетпейтін жылыжайлар үшін субсидия бөлінбейтінін айтты. «Үй маңайындағы жерде мұндай шағын жылыжайда бизнес бастаса, онда оған ешқандай субсидия қарастырылмаған. Бірақ біз бұл кәсіпкерге «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 30 млн теңгеге дейін несие бере аламыз. Бұл жобаның тиімділігі – несиені 5 жылға дейін 2,5 пайыз үстемақысымен алуға болады. Алғашқы бір жылы ештеңе төлемейді, яғни ол «каникул» деп аталады», — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов. Кәсіпкер Досжан Жамбылов жайқалған жауқазындарын халықаралық әйелдер күнінде сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Автор: Ұлдана Жұбай Тағы да оқыңыздар: https://kaz.nur.kz/society/2061168-kelinsegime-zasagan-syilygym-zambyldyq-zigit-zalgyz-koligin-satyp-aieline-gul-bagyn-salyp-berdi/