ІІМ ресейлік көліктерді тексеруге қатысты пікір білдірді
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті ресейлік нөмір тағылған көліктерді тексеруге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Тамыздан бері Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, Қазақстан аумағына көршілес мемлекеттерден жеткізілген барлық көлікті тексере бастадық. Қылмысқа қатысы бар көліктер әкелінгені туралы көп факт анықталды. Ресей Федерациясынан жеткізілген автокөліктерді тексердік. ҰҚК-мен бірлесіп, жалған құжат арқылы автокөліктерді әкелу бойынша 10-ға жуық деректі анықтадық. Ресей Федерациясында тіркеу тізілімінен шығарылған көліктерді әкелудің 150-ге жуық дерегі анықталды», — деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасында шетелде тіркелген барлық көлік бойынша сақтандыру компанияларына сауал жолдады. Бұл ақпарат Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне тексеруге жіберілді. Қазақстан аумағындағы ресейлік тіркеудегі 88 мың автокөлік Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінде тіркелмегені, яғни олар белгіленген тәртіпте тіркелмегені немесе сатылғаны белгілі болды», — деп қосты Серік Түсіпов.
«Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі осы санаттағы көлік жүргізушілерімен жұмыс жүргізіп жатыр. Ал шетелде тіркелген басқа көліктерге келсек, құқық белгілейтін және тіркелгенін растайтын құжаттары болса, оларды жол қозғалысы ережелерін бұзбай және ережелерді сақтап жүргізе беруге болады», — деді Ішкі істер министрлігі өкілі.
ІІМ ӘПК мәліметінше, деректер базасын біріктіру жоспарлаған. Бұл көлік құралдарын тіркеу туралы өзекті ақпаратты онлайн режимінде алуға мүмкіндік береді.
Серік Түсіпов Ресей Федерациясынан әкелінген 88 мың автокөлікке қатысты жағдай Ресей Федерациясынан көлік сатып алып, бірақ оларға құқықты заңдастырмаған қазақстандықтардың әрекетінен туындағанын баса айтты.
«Бұл көліктер белгіленген тәртіппен Қазақстанда тіркелмеген және Ресей Федерациясында тіркелген. Алайда олардың Ресей Федерациясындағы Қазақстан азаматтарына көлік сатқан иелері белгілі бір уақыттан кейін көліктерді тіркеуден алып тастайды. Осылайша, бұл көліктер Ресей Федерациясында да, Қазақстанда да тіркелмеген күйде қалады».