Ресей нөмірін таққан көлік жүргізушілері наразылыққа шықты

0
5957

Бүгін, 8 қарашада Нұр-Сұлтандағы халыққа қызмет көрсету орталығы маңына 100-ден астам жүргізуші жиналып, Ресей нөмірін таққан көліктерге қысым жасамауға шақырды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Жүргізушілер сөзінше, Ресей нөмірлі көліктерді кейінгі күндері жол полиция жиі тоқтатып, тексеруді күшейткен. Жүргізушісіне айыппұл салып, көліктің өзін айыппұл тұрағына алып кеткен жағдайлар көбейе бастаған.

— Ресей нөмірін таққан көліктерді негізінен қарапайым халық мінеді. Сондықтан мұны қарапайым халыққа қысым деуге болады. Билік қысымнан өзге жол тапсын, жиналғандағы мақсатымыз сол,- дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны Бекжан Батырбеков.

Осыдан 6 ай бұрын Ресейден 4 миллион теңгеге көлік сатып алған ол дәл сондай көлік Қазақстанда 8 миллион тұратынын айтады. «Өйткені Қазақстанда көлікті мемлекеттік тіркеуге қою өте қымбат. Өзі мініп жүрген көлікті тіркеу үшін 3-4 миллион теңге төлеуге тиіс».

Оның айтуынша, жол полициясы айыппұл тұрағына әкеткен көліктерді тек көлік иелері ғана шығара алады. Ал ол көліктердің иесі Ресейде тұрады.

— Біз үш жылға дейін көлікті айдауға болатыны жөнінде сенімхат алғанбыз,- дейді жиналғандар.

«Ресейден шыққан «Лада» маркалы көлікті 600 мың теңгеге сатып алып, таксилетіп күн көріп жүрмін» деген Байдос Байтұрғанов «Ресей нөмірлі көліктер айыппұлдан жалтарып кетеді» деген сөз жалған дейді.

— Жол қозғалысын бақылап тұрған «Сергек» камералары Қазақстан мәшинелеріне қандай айыппұл салса , бізге де солай салады. Оны төлеп жүрміз. Біз жан бағу үшін жүрген адамдармыз. Мұндай проблема болатынын біле тұра үкімет Ресей нөмірлі көліктерді Қазақстанға неге кіргізеді? Еуразия экономика одағы болған соң тіркелмей-ақ жүре береді дейтіні қайда?- дейді ол.

Наразылыққа жиналғандар «Армениядан әкеп, тіркелмей жүрген көліктерге уақытша сары нөмір беріп, билік жеңілдік жасады, бізге де сөйтсін немесе мемлекеттік тіркеуді қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей етіп арзандатсын» деген талаптар қойды.

Наразылар алдына Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік полиция бастығы Елжан Шөпеков келіп, Ресей нөмірін таққан көліктердің жаппай айып тұрағына әкетілмейтінін айтты.

— Тек қана Ресейде тіркеуден шығарылған көліктерді тексеріп жатырмыз. Ондай көліктер Қазақстанда жүру үшін тіркелуі керек. Құжаты дұрыс болса, ешкімді ұстамаймыз, көлігін қайтарып береміз. Жол полициясы заңға сай әрекет етіп отыр,- деп түсіндірді.

Қазақстанда шетел нөмірімен жүрген көліктерге байланысты мәселе бұрын да көтерілген. Армениядан көлік әкеліп, Қазақстанға тіркемей жүргендерге 2019 жылы жаппай тексеру басталғанда жүргізушілер осыған ұқсас талап айтып, Қазақстанның әр өңірінде наразылыққа шыққан. Содан кейін билік оларға «рақымшылық» жасап, Армения, Қырғызстан, Ресейден әкелген көліктерді 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап уақытша тіркеуге қойып, арнаулы сары нөмір берген.