Хакасия белсендісі: «Жүрегімде қорқыныш қалды»

0

«ҚАҚПАНҒА ТҮСКЕНІМДІ СЕЗІП ТҰРМЫН…»

Прокуратура Баиновадан кешірім сұрады, ал белсенді моральдық өтемақы өндіру туралы сотқа шағым түсірмеді.

– Қазір өзімді «пешка» сияқты сезініп тұрмын – ештеңеге шамасы жетпейтін, қандай да бір ойындағы «пешка» сияқты. Қазір істі жапты, бірақ жаппауы да мүмкін бе еді деймін. Оған қатты қуандым деп айта алмаймын. Себебі іс жалғасқалы бері менде эмоция да қалмады. Жапты ма – жапты, жарайды. Егер қаласа, қайта қозғай алады. Енді қақпанға түскенімді сезіп тұрмын. Жақындарым қуанып жатыр, бірақ оларда да күмән бар. Дабырлатып жатқан жоқпыз, – дейді Лидия Баинова.

2017 жылы жазда Лидия Баинова қызымен бірге Абакандағы мейрамханалардың біріне барған. Ойын бөлмесіне кірер кезде сонда ойнап жүрген бөтен балалар қызына «бұл жақта тек орыстар ғана ойнай алады» деген. Ал олардың ата-аналары балаларына ескерту жасаудың орнына Баиноваға қоқан-лоқы жасай бастаған. Үйіне ашулы күйде оралған Лидия болған оқиғаны «Вконтакте» желісіндегі парақшаға жазған. Жарты жылдан кейін ФСБ өкілдері үйіне келген.

2018 жылы шілде айында оған «алауыздық қоздырды» деген айып тағылды. Ал 23 қарашада күтпеген жерден Баинованың ісі жабылды.

Осы уақыт аралығында қартайып кеткендей сезіндім

– Адвокатымызбен бірге сотқа дайындалып жатқанбыз, тіпті сотқа куәгер ретінде кімді шақыратынын білгіміз келген. Меніңше, адвокат істі өте сауатты жүргізгендіктен жапты: ол сарапшыларды тартты, ал олар сараптамадан қателік тапты, бүкіл айыптың бәрі сол қателікке негізделген еді. Сонымен бірге істі қоғам бақылады. Осы күзде Абаканның екі тұрғыны экстремизм бойынша сотталды. Қажетті көрсеткішке жеткен соң олар «даулы» істен бас тартқысы келген сияқты, – дейді Лидия.

Баинованың ойынша, ол әу бастан айыбын жоққа шығарып, тергеушілердің әрекеттеріне шағымданған. Осылайша «күштік құрылымдардың «бас ауруына» айналған сияқтымын» дейді. Лидия «Вконтакте» желісіндегі жазбаны эмоцияға берілген күйде шығара салғанын, онда экстремизмге шақыру жоғын айтады.

Лидия Баинова

Лидия Баинова

– Мойнымнан ауыр жүк түскендей. Осы уақыт аралығында өзімді қартайып кеткендей сезіндім. Бірақ қазір бойымнан ешбір жеңілдікті сезіне алмай тұрмын. Енді қазір әр сөзді жазар алдында мың рет ойланып толғанатын болдым. Кейде «Вконтакте» желісінде лайк басқың келіп кетеді, бірақ тағы ойланып қаласың. Комментарий жазып, қандай да бір жазбалармен бөліскің келеді. Сосын тағы да «мұның не қажеті бар» деп іркіліп қаласың, – дейді Дидия Баинова.

Жақында Ресей думасы қылмыстық кодекстің 282-бабы («Алауыздық қоздыру») бойынша жазаны жеңілдету туралы түзетуді мақұлдаған. Адвокат Владимир Васиннің пікірінше, оның Баинова ісіне қатысы жоқ.

– Ол жерде мәселе қылмыстық кодекстің 282-бабы туралы, ал бізде – 280-бап болды. Тергеуші «қылмыс құрамы жоқ» болғандықтан сондай шешім қабылдады. Прокурор оны қолдады. Заң бойынша мұндай жағдайда прокурор мемлекет атынан кешірім сұрауы тиіс. Тергеу кезінде тоқтаған істер өте сирек кездеседі. Әдетте сотқа дейін жеткізуге тырысады, – дейді адвокат Васин.

Владимир Васин

Владимир Васин

Заң бойынша Лидия сотқа шағымданып, моральдық өтемақы талап ете алады. Алайда белсендінің шағым түсіргісі келмейді.

– Шағымданғым келмейді, қатты шаршадым. Бәрі біткеніне қуанып отырмын. Солардың бәрін қайта көтергім келмейді. Іс аяқталды, болды, сол да жетеді маған. Бәрі дұрыс шешілді деп ойлаймын. Ал егер сот басталып, мені соттағысы келсе – әңгіме басқаша. Ондай кезде қасық қаным қалғанша күресер едім. Еуропалық сотқа дейін барар едім, – дейді Баинова.

Лидия іс аяқталғанмен жүрегінде аңду, бақылау жайлы қорқыныш-елестер қалғанын айтады.

– Қазір мені бақылауы мүмкін екенін жақсы түсінем: телефоным тыңдалуы мүмкін, желідегі жазбаларым оқылуы мүмкін. Осы сияқты ойлар ешқайда кеткен жоқ. Үнемі аңдып отыратындай күйде болам. Азаптау жайлы, ленинградтағы түрмелер жайлы оқығам, «Пенза ісі» бойынша сотталғандардың жайынан хабардармын. Оларды көлікпен апарып, ұрып-соққан. Кешке жақын үйге қайтқанда ылғи кеудемде үрей болатын: қазір біреулер көлікпен алып кетіп, бір жаққа апаратындай болады. Жүрегімде осындай қорқыныш қалды, енді одан мәңгі арыла алмайтын сияқтымын, – дейді белсенді.

Экран бетіндегі әлеуметтік желілер

Экран бетіндегі әлеуметтік желілер

Осы оқиғадан соң Лидия қызының барынша әлеуметтік желіден аулақ болуын қадағалайтын болған.

– Мен оған пост жазғаның үшін жазалануың мүмкін екенін айтып келем. Ештеңеге араласпай, саяси нәрселерден аулақ болуға, митингтер, жиналыстарға қатыспауға кеңес берем. Үнемі жақсы нәрселерді ойла, күліп жүр, ешқашан наразы екеніңді білдіртпе деймін. Ештеңе жазбау керек, өзіңді қатты шектеу керек, айтқан сөздеріңе абай болу керек. Егер мен құқық қорғау органдарының назарына ілінсем, демек қалғандарына қарағанда сені ерекше бақылауы мүмкін деп айтам, – дейді Лидия Баинова.

​Желтоқсан айының басынан бастап Баинова банк карталарын да қолдана алатын болды. Енді ол бұрынғыша хакас тілі мен мәдениетін таратумен айналысқысы келеді. Хакас тілінде кітап шығару жоспары да бар. 2015 жылы атасы ақын Моисеи Баиновтың кітабын қайта басып шығаруды жоспарлап отыр. ​

Дереккөз: Азаттық

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз