«Ғылымның дамымай қалғанына ту көтергендер емес, саяси жүйе кінәлі». Белгілі кәсіпкер челлендж жасағандарды сынамауға шақырды
Бірнеше күн әлеуметтік желі мен месенджерлерде ту ұстап, атқа мінген азаматтардың видеосы тарады.
Әлеуметтік желіде оларды сынаған жазбалар көбейді. Олардың пікірінше ту ұстап, атқа мініп шабудың дәуірі өткен, қазір ғылым мен білімнің дәуірі екен. Осыған орай «Assyltas» компаниясының директоры, белгілі кәсіпкер Асылтай Тасболат өз пікірін білдірді.
«Ту көтеріп атпен шауып челлендж жасағандарды еліміздегі ғылым мен технологияның дамымай қалуына басты себепкер ретінде көрсететін посттарды көзім шалып қалды. Көп адамға тартымды көрінген сияқты. Төмендегідей типа «опинион мейкерлер» (пікір қалыптастырушылар) өндірістің мешеулігіне нақ сол атқа мінгендер кінәлі сияқты сөз арнапты. Жеке өзім мұны манипуляция дер едім.
Біріншіден, елдегі техноголияның кез келген түріне, қару-жарақ өндірісіне ту көтергендер жауапты емес. Мұнайдың ақшасын миллиардтап сорғандар, шетелде млрдтаған ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алғандар, Назарбаев университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орнына сіз бен біздің салығымыздан өлшеусіз қаржы құйып жатқандардан сұрау керек оны. Қайда балама экономика, қайда өндіріс, қайда технология? Шұлғау шығармайтын экономиканы ту ұстап жүргендер құрып па? Мұнайдың инесіне отырып алған экономиканы кім құрды?
Екіншіден, ту ұстай ма, жоқ жиналып алып зікір сала ма, түнгі клубта жер тепкілеп билей ме, тауға шығып шаңғы тебе ме — ол сол адамдардың таңдауы. Америкада мармондар әлі күнге баласын зайырлы мектепке бермейді. Илон Маск секілді Марсқа ұшпақ тұрмақ, жерді теп-тегіс деп түсінетін америкалықтар миллионнан асады. Яғни бүкіл америкалық марс туралы ойлап жүр деуге келмейді. Илон Маск — дұрыс жолға қойылған экономика мен ғылымның жемісі. Осыны ұйымдастыруға әділ сайлау жүйесі арқылы қол жеткізген саяси құрылымның жемісі. Сондай-ақ трансұлттық компаниясына әлемнің түкпір-түкпірінен мықты мамандарды тарта білген менеджерлік қабілеттің көрінісі. Ал енді осыған біздің елде кім жауапты? Ту ұстағандар ма, әлде экономиканы ұйымдастыруға тікелей жауапты үкімет пе?
Үшіншіден, адам екі немесе одан да көп функцияны атқаруға қабілетті деп ойлаймын. Түске дейін атпен туды ұстап шауып келіп, егер шынымен жаңалық ашқым келсе, кешке лабороторияға отырып ғылыми зерттеумен айналысуыма, шартты түрде айтқанда, ештеңе кедергі емес деп ойлаймын. Бірін екіншісімен шатастырып қажеті жоқ.
Сайлауда фальсификация болғанда, ОМОН бейбіт шеру жасағандарды мұз үстінде 8 сағат құрсауда ұстаған кезде, саяси репрессия жүріп жатқанын көзбен көріп тұрғанда, неліктен мұндай саяси жүйемен дамымаймыз деп Байрақтар мен Илон Маск есімізге түспейді? Неге сайлау туралы заңымыздың бұзылуын Илон Маскпен байланыстырмайды бұлар?
Челленджді кімдер ұйымдастырып жатқанын білмеймін, бірақ мұны технологиялық мешеулігіміздің себебі етіп көрсетуді көз бен құлақты шатастыру сияқты дым түсіне алмадым.»