Геннадий Головкинді әлемдік рейтингтен алып тастады

Қазақстандық боксшының Риота Муратамен жекпе-жегі келесі жылға ауыстырылды. Әйгілі BoxRec.com сайты орта салмақтағы IBF/IBO әлем чемпионы Геннадий Головкинді (41-1-1, 36 КО) өз рейтингтерінен алып тастады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

Бұл GGG-дің ұзақ уақыт бойы жұдырықтасуға шықпағанымен байланысты болып отыр. Қазақстандық боксшы өзінің соңғы жекпе-жегін бір жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 18 Желтоқсанында поляк Камил Шереметаны (21-2, 5 КО) мерзімінен бұрын жеңген кезде өткізді. BoxRec.com 12 ай ішінде бірде-бір жекпе-жекке қатыспаған спортшыға «белсенді емес» мәртебесін беріп, оны дивизион мен P4P рейтингтерінен айырады.
Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 29 желтоқсанда Сайтамада (Жапония) WBA Super чемпионы Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жұдырықтасу үшін рингке оралуды жоспарлаған, бірақ жекпе-жек келесі жылға ауыстырылды. Себебі жапон үкіметі карантиндік шараларды қатаңдатты.
Жаңа ережелерге сәйкес шетелдіктерге елге кіру белгісіз мерзімге жабылды.