«Ескерткіш маған емес, граммофонға орнатылады»-Иманбек
Grammy сыйлығының иегері Иманбек өзіне Ақсу қаласында ескерткіш орнату идеясына қатысты пікір білдірді. Instagram-дағы жеке аккаунты арқылы тікелей эфирде Иманбек көптің көкейінде жүрген сауалға жауап берді.
«Егер сіздерге қиын болмаса қойыңыздар дедім, керемет идея. Ал негізінде маған бәрібір. Журналистер, мен оларды жек көремін, мәселені өзгертіп жіберді, енді адамдардың маған деген көзқарасы бұзылды. Тірі кезінде ескерткіш қойылған тек бір адамды ғана білемін — бұл Нұрсұлтан Әбішұлы», деді диджей. Сондай-ақ Иманбек өз фанаттарын мәселенің байыбына бармай байбалам салмауға шақырды.
«Егер маған ескерткіш орнатса, шынымен өте ұят болады. Жоқ, айтпақшы, ешкімнің маған ескерткіш орнататын ойы болған жоқ. Олар граммофон мүсінін жасағысы келді», деді Иманбек эфирді аяқтаған кезде. Бұған дейін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесу кезінде Ақсу қаласының тұрғындары жерлестері Иманбек Зейкеновтың Grammy-дегі жеңіс құрметіне ескерткіш орнату туралы бастама болатын. Өз кезегінде өңір басшысы бұл мүмкіндікті қарастыруға уәде берді.