14 жастағы қызды зорлағандар 5 жылдан кейін сотталды

0
1427

14 жастағы қызды зорлағандар қылмысты жасағандарына 5 жыл өткен соң түрмеге қамалды. Осылайша Алматы облысында қазақ қоғамын шулатқан істің соңғы нүктесі қойылды. Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Әділет Бақытов айыпталушылар орындығында отырған  үш ер адамды ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Олардың екеуі 11 жылға, ал қалған біреуі  10 жылға сотталды. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ олар жәбірленушіге 9 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге де міндеттелді.

Еске сала кетейік, бұл сұмдық оқиға 2016 жылы қоғам назарына ілінген. Қаршадай қызға айуандық жасағандардың бостандықта жүргені де көпшіліктің ашу-ызасын тудырған. Ең сұмдығы сол оқиғадан кейін 14 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, дүниеге ұл баланы әкелді. Кейіннен зорланған қыздың ісін қолға алған адвокат Альбина Бақтиярқызы кінәлілердің дер шағында жазасын алмауына тараптардың өзара келісімге келуі себеп болғанын айтқан. Ал мұндай ауыр қылмыс кезінде медиация арқылы  татуласу заңға қайшы. Осылайша қайта көтерілген істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 1 жыл қарап, шешім шығарды.