Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы материалдық шығыннан бас тартты
Бұған дейін жол апатынан қаза болған Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы айыпталушыдан 14 млн теңге талап еткен еді.
Астанада жол апатынан көз жұмған Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы айыпталушы Малика Мұхитовадан материалдық шығын өтеу туралы талап-арыздан бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Астана қалалық екінші сотында Сүлейменовтер отбасының қорғаушысы Дамир Сандинов тиісті қолдаухатты оқып берді.
«24 қазанда болған сот отырысында зардап шеккен тараптың өкілі сотталушы Мұхитовадан мүліктік шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыз берген еді. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 169-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген кезеңінде талап-арызды кері алуға құқылы», — деді адвокат.
Қорғаушы судьядан зардап шеккен тараптың материалдық шығынды өтеу туралы азаматық талап-арызын қарамауды өтінді.
Бұған дейін зардап шеккен тарап сотталушы Малика Мұхитовадан 14 миллион 753 мың теңге мөлшерінде мүліктік шығынды өтеуді талап еткен еді.
Кейінірек, марқұмның анасы Лейла Сүлейменова судья Қанат Тобағалиұлы материалдық шығынды көрсетуді талап еткенін айтты.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бері жүргізеді, алты жыл ішінде бірде бір рет жол-көлік оқиғасына ұшырамаған.
Айыпталушы «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясында жұмыс істейді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!