«Текті әйел» ұғымы ұлттық брендімізге айналуы керек

0

Белгілі мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы Астанада өтіп жатқан «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты конференцияда «Отбасы және қазақ әйелі» тақырыбында пікір білдірді.

-Қазіргі қазақ әйелдері бар кінәні еркекке аударуға әбден үйреніп алған. Алайда, аталарымыздың «Алып анадан, ат биеден туады» деген қанатты сөзін ескермейді. Яғни, түптің түбінде сол жамандап отырған еркекті өмірге әкелетін әйел заты, аналарымыз екенін қаперіне алмайды. Ұлттық дүниетанымымызда «иманды әйел», «текті әйел» деген ұғымдар бар. Текті ұрпақ қалай қалыптасады? Ол, әрине, текті ер мен әйелден туып, соның шаңырағында тәрбиеленгенде ғана қалыптасады. Алла Тағала әйел затын нәзік қылып жаратты және нәзік қалпын сақтауды әмір етті. Ал, бүгінгінің әйеліне қарап отырып, олардың нәзіктігін жоғалтып бара жатқанын аңғару қиын емес. Өйткені, күйеуінің жолын тосып, бала бағумен, оның тәрбиесімен айналысуы тиіс әйелдеріміз еркектермен жарысып мал тауып жүр. Сөйтіп, карьера қуам деп кейбірі күйеуге шықпай уақытын өткізіп алып жатыр. Сосын баланың тәрбиесіне мемлекетті жауапты көретіндер бар. Бұл – дұрыс емес түсінік. Балабақша мен мектеп балаңызға тек білім береді. Ал, тәрбиені, тектілікті ол әке-шешесінен ғана үйренеді. Осы жерде ерекше айта кетерлігі, бала тәрбиенің, мейір-махаббаттың басым бөлігін анасынан алады,-дейді О.Жәлелұлы. 

kazislam.kz