Ережеп айы дегеніміз не және бұл айда не істеу керек?

0
Ережеп айы – Исламдағы қасиетті төрт айдың бірі болып есептеледі.  Бұл ай Алланың айы деп аталады.  Бұл айда исра және миғраж түні және рағайып түні бар. Сондай-ақ Пайғамбар сүннет еткендей нәпіл ораза ұстауға болады. Биыл бұл ай ақпанға түсіп тұр. Басы бүгіннен басталады. 

Арабтар ерте замандардан бері айларды қамари айлар деп таныған. Ибраһим мен Исмаил (ғ.с) заманынан бері бұл он екі айдан төртеуі қасиетті айлар болып есептеледі. Бұл айларда соғысуға, қан төгуге тыйым салынады. Себебі – ол айларға құрмет көрсету еді. Осы айларда бір-бірлерімен соғыспай, ғибадаттармен айналысатын. Бұл айларға құрмет ететіні сонша, әкесін өлтірген адамды көрсе, оған қол жұмсамайтын. Алла Тағала осы қасиетті айларда күнә істерге және қан төгіске тыйым салды. Әрине, Алла Тағаланың тыйымдары негізінде бүкіл уақытқа арналған. Бірақ, басқа айларға қарағанда бұл айларда күнә істерге мұқият болуға дініміз үндейді.

Ережеп айының мұсылмандар үшін орны бөлек. Оның бірнеше себебі бар: 

  • «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Араб халқы ислам діні келмей тұрып бұл айды ерекше қадірлеген. Тіпті осы уақытта жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтаған.
  • Ережеп айында елеулі тарихи оқиғалар өткен. Мысалы, жер бетін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге мінген, Мұхаммед  пайғамбарға алғашқы уахи түсе бастаған, Миғражға (көкке) көтерілген.
  • Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі: » Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері»– деген (Ибн Асакир).
  • Ережеп айының алғашқы жұмасында Рағайып намазын оқу туралы келген хадисті кейбір ғалымдар негізсіз деп айтқан. Дегенмен Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген.
  • Алла елшісі Ережеп айында ораза тұтатын. Алайда бұл айда ораза тұту, тұтпау әркімнің өз еркі болуы тиіс.
  • Ережеп желге, Шағбан бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады. Сол себепті бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласуы керек.

Ережеп айында ораза ұстаудың артықшылығы

Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз: «Жәнатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған.

Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла елшісі: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», – деген. Әнас ибн Мәліктен (р.а) риуаят етілген осы хадистің жалғасында: «Ей, Расулулла! Ережеп айының «Шаһруллаһ» деп аталуының себебі не?», – деп сұрады. Сонда Алла елшісі»Ережеп – Алла Тағаланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала құзырында сүйікті ай. Бұл айда Алла тағала әнбиялардың, яғни пайғамбарлардың тәубелерін қабыл етіп, әулиелерді дұшпандарынан қорғаған. Бір кісі ережеп айын ораза ұстап өткізсе, Алла тағаланың үш жақсылығына ие болады.

  • Өткен күнәларын кешіреді.
  • Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды.
  • Қиямет күні Алла тағала тарапынан сусындалады», – деп жауап берген.

Оразаны қай күндері ұстауға болады? 

Ережеп айының басында үш күн, ортасында үш күн және соңында үш күн ораза ұстаса болады. Дәлірек айтсақ, әр аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері:

«Кімде-кім харам айларындағы бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстайтын болса, оған жеті жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады», – делінген сахаба Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген бір хадисте.

Сондай-ақ тағы бір хадисте ережеп  айында,   бірінші  күні,  15-ші  күні және  ақырғы  күні  ауыз  бекітсең,  бір  ай  ораза ұсағанға  тең» деп айтылған. «Егер  8 күн  ауыз  бекітсең,  Алла  Тағала  Жұмақ  есігін  саған  ашады» деген.

Ережеп айында қасиетті түндер 

Миғраж түні – Ережеп айындағы 28 ақпаннан 1 наурызға қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді.

Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) өзі Ережеп, Шағбан, Мұхаррам, Шәууал айларында ауыз бекітіп, руханиятқа ерекше көңіл бөлген. Ережеп айының жұлдызы туғанда, Парасат падишасы (с.ғ.с.): «Уа, Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман есен жеткізгейсің!» деп дұға жасаған. Сондай-ақ Алла Елшісі (с.ғ.с.) Ережеп пен Шағбан ұдайы ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарды молынан атқарған.

Рағайып түні – Ережеп айындағы,  қасиетті  түн. Айдың  бірінші  бейсенбісінен жұмаға  ауған  түн. Бұл түн – кешірім мен үміт ғибадат түні.

Басқа да құлшылықтар

Күндіз ораза ұстаумен қатар, түнінде көбірек тахажжүд намазына тұрған жақсы. Сондай-ақ құран оқып, қаза намаздарды өтеп, таспихат, зікірлерді айтып, көптеп жарылқау тілеген дұрыс. Өйткені харам айларында, соның ішінде ражаб айында орындалған иігіліктерге, өзге айдағыдан гөрі көбірек сауап жазылатындығы жоғарыдағы ардақты сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.) сөзінен ұғыну қиын емес.

Алла тағала осы айда жасаған құлшылықтарымызды қабыл етіп, о дүние, бұ дүниеде жүзімізді жарық еткей!

Ережеп айында ораза ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт –  ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәресі ішіліп болуы керек. Ал ақшам намазының кірген уақыты  ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Ауыз бекітерде оқылатын арнайы дұғасы жоқ. Маңыздысы – ниет. Күні бойы еш нәр татпастан Алла ризалығы үшін ораза ұстауға іштей діттеп, ниет білдірсеңіз болғаны. Ауыз ашарда қазақшалап тілек тілеп, қалаған нәрсеңізді Жаратушыдан сұрасаңыз болады.

Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе түсеміз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде Ережеп айының берері мол.