Қазіргінің жоламандарын жолға салайық

0
88

Терроризмнің қандай болатынын алғаш рет 2012 жылы көрдім.
Сол жылы тамыз айында Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Бір айдан соң лаңкестік әрекет бұрқ ете қалды. Бір жыл бұрын да солай болған. Екі жыл қатарынан, сұмдық.
Атырауға біраз теологтарды шақырдық. Көбі Шымкенттің жігіттері. Мықты мамандар. Жұмыс барысында түрлі ағымдардың жетегінде кеткендермен кездестім. Сондағы бір кездесу есіме түссе, әлге дейін денем түршігеді.
Жас жігіт. Анасымен келді. Анасы жылап отыр: «Жалғыз ұлым намаз оқи бастағанда қуанып едім. Бір айдың ішінде мінез-құлқы өзгеріп шыға келді. «Мама» деп мойныма асылып, бетімнен сүйіп жүретін балам менен алыстай бастады. Бірнеше айдан кейін қара жамылған бір қызды алып келіп, менің әйелім деп таныстырды да жетектеп бөлмесіне кіріп кетті. Әй-шәй деп айтып үлгермедік. Жақсы дедік. Балам бақытты болса болды. Келін екеуі бізбен тамақ ішпейді. Түске дейін ұйықтайды. Күмәнді адамдармен араласады…».
Анасына сөзін аяқтатпай әлгі еңгезердей жігіт: “Сендер намаз оқымайсыңдар. Тамақтарың халал емес. Кәпірсіңдер”, — деп қойып қалды.
Шыны керек, үстімнен салқын су құйып жібергендей күй кештім. Кейіннен мұндайларға етім үйреніп кетті.
Әлгінің бетіне қарасам, көзі қанталап, алдында отырған анасын жау көріп отыр.
Бүлікшіл ағымдардың қаупін сол кезде түсіндім.
Әлгінің Айтматовтың “Боранды бекетіндегі” Жоламаннан айырмашылығы жоқ.
Атырауда Erkinbek Shokai, Ерсін Әміре, Kanat Zhumagul, Айбек Асқарбекұлы, Amantai Sadiev, Батыржан Берденұлы сынды жігіттермен жылдар бойы іргесін қалаған еңбектің нәтижесінде деп ойлаймын, 2012 жылдан бері Атырауда лаңкестік оқиға болмады. Болмай-ақ қойсын.
Сол кездерден бастап, өңірлерде Дін істері басқармалары құрыла бастады.
Шымкентте 2020 жылы Дін істері басқармасы қайта құрылды. Басқарма жан жақты жұмыс істеп жатыр.
2020 жылы Шымкентте деструктивті ағымдардың жетегінде жүрген 86 адамның көзқарасы өзгерді, былтыр 270 адам дәстүрлі дінге оралды. Оның астарында қаншама жұмыс жатыр. Адамның санасынан саңылау тауып, көзқарасын өзгертуден ауыр жұмыс жоқ. Қазақстан қалаларының ішінде ең көп мешіт Шымкентте. Қалада 88 мешіт бар.
Кеше осы бағытта жұмыс істейтін «Ақниет қоғамдық ұйымындағы қари дінтанушылармен ақылдастым.
Мешіт қызметкерлері мен жамағат адасып жүрген бауырларымызды білім мен ғылымды, мейірім мен жанашырлықты аманат еткен асыл дініміздің құндылықтарына қайтара беретініне сенімім мол.
Қазақта “Өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры етпе” деген сөз бар. Сол секілді әр отбасы, ауыл, қала өзіне мықты болса, бүлікшіл ағымдар бізді ала алмайды.
Шыңғыс МҰҚАН