“Елшілікте руыма дейін сұрады”—Кабул қазағы
Тәліптер билікке келген Ауғанстаннан тарихи Отанына оралған ауғанстандық қазақ сұхбат беріп, атамекенге аман-есен алып келгендерге алғысын жеткізді. Ата- бабасы Қазақстаннан 100 жыл бұрын көшіп барған Хасан Дерман Қазақстанның Ауғанстандағы Елшілігінде болған әңгімені айтып берді.
«Елшілікте «қазақпын» дедім. Тахар қаласынан келдік. Ол жаққа 100 жыл бұрын барғанбыз. Одан кейін бізді комиссияға шақырды. “Руың қандай? Байланыста барсың ба? Жоқсың ба? Қазақстанда туысқандарың бар ма? Жоқ па?” деген сұрақтар қойды. Мен руым – Қожа. Ұлтымыз – қазақ» деп жауап бердім, — дейді Хасан Дерман.
Ол елге анасы, екі інісі және үш қарындасымен бірге келіпті. Ал құжаты болмаған әйелі Ауғанстанда қалып қойған көрінеді.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Кабулдан арнайы әскери ұшақпен Алматы қаласына 41 жолаушының ұшып келгенін хабарлаған. Олардың ішінде 35 этникалық қазақпен бірге Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған азаматы бар.
Кабулдан келген ұшақтың жолаушылары бірден карантинге жатқызылған.