Досаевтың Алматы әкімі болып қайта тағайындалуына 8 депутат қарсы болды

0
33

Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Алматы қаласының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәлім болғандай, қала әкімі лауазымына екі үміткер – Ерболат Досаев пен Бекқали Торғаев өтініш берген. Ашық дауыс беру кезінде 30 депутат Ерболат Досаевтың кандидатурасын қолдаса, сегіз депутат Бекқали Торғаевқа дауыс берді.

Досаевты Алматы қаласының басшысы ретінде таныстырған Нұртілеу оның жоғары басшылық қызметтердегі мол тәжірибесін атап өтті.

Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған әкімге Мемлекет басшысының жуырда Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында алға қойған міндеттерді шешудің өзектілігі ескертілді.

Досаевқа сол кезде өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамыту арқылы мегаполис экономикасын әртараптандыру жайында тапсырылған. Жұмыстың басым бағыттарына Түргеннен Қаскелеңге дейінгі Алматы тау кластерін дамыту, жолдарды жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын ашу да кіреді.

Айта кетейік, Алматы тұрғындары Досаев қаңтар айының аяғында бұл қызметке тағайындалғалы бері оның отставкаға кетуін талап етіп келеді. Әкімді жұмыстан босату туралы үндеу жаз бойы жалғасты.

Кәсіпкер-шенеунік қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға әкім болды. Ақпан айында қаладағы митингілер басталды, бірақ жаңадан тағайындалған әкім өз кабинетінде «мәселелерді шешіп», көпшіліктің талабын елемеуді жөн көрді.