Досаев несиені кешуге байланысты пікір білдірді

0
5561

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев банк алдында бір аптадан бері несие амнистиясын талап етіп жүрген белсенділердің наразылық акциясы туралы сауалға жауап берді, деп мәлімдеді kznews.kz сайты.
Оның сөзінше, белсенділер көтерген мәселемен «Ұлттық банк айналыспайтын» көрінеді.
Ал «Олармен кездеспейсіз бе?» деген сұраққа Досаев «жоқ, кездеспеймін, рахмет!» деп қысқа жауап қайырды.
Тіркелмеген «Демпартия» белсенділері 12 қазаннан бері наразылық акциясын ұйымдастырып келеді. Олардың билікке айтар өз уәждері бар. Айталық, коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру, жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау, шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы сынды күрмеуі қиын мәселелер.
Мақсат Сералы, «Атамекен» ҰКП-ның Наурызбай ауданының басшысы, экономист:
«Жеке тұлғалардың банкротка ұшырауы туралы заң қабылдау қажет деп ойлаймын. Өйткені кез келген адам тығырыққа тірелген кезде, өзін банкрот деп жариялауы керек. Бізде осы заңның жоқтығынан көптеген келеңсіз жайттар орын алуда. Үкімет алдағы уақытта аталған заң жобасын пысықтап, толықтырып, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып қабылдауы қажет. Бұл заң банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың экономикалық жағдайын түзеп, қайта оңалуына оң ықпалын тигізеді.
Еске сала кетейік, белсенділер бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың шығуын талап еткен болатын.