Дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы ауыр апаттан зардап шеккен әйелдің аяғын кесуге мәжбүр болды – Қазақстан жаңалықтары

0
99

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы ауыр апаттан зардап шеккендердің халін білу үшін ауруханаға барды. Олар әр пациенттің хал-жағдайын білді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы ауыр апаттан зардап шеккен әйелдің аяғын кесуге мәжбүр болды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше ірі жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен азаматтар ем қабылдап жатқан қалалық №2 көпбейінді ауруханада болып қайтты. Елорда әкімі мен денсаулық сақтау министрі әр пациентке барып, оның хал-жағдайын сұрастырды.

«Тезірек жазылуыңызды тілеймін. Сізге біліктілігі жоғары үздік дәрігерлер көмек  көрсетіп жатыр. Айығыңыз!» – деді Бақыт Сұлтанов.

Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуына қарағанда, қазір станционарда 13 адам ем қабылдауда. Олардың сегізінің жағдайы орташа, травматологиялық бөлімде емделуде. Екі пациент кеуде бөлігінің хирургиясы бөлімінде. Үш адамның жағдайы ауыр. Олар жан сақтау бөлімінде жатыр.

«Кеше біз өмірге қауіп төндіретін белгілер бойынша 5 ота жасадық. Бұл өте күрделі оталардың спектрі болды. Атап айтқанда, ішастар ішіне қан кетуді тоқтату, аяқ-қолдың металлоостеосинтезі, ампутация сияқты оталар. Бір әйелдің аяғына, өкінішке орай, ампутация жасауға мәжбүр болдық», – дейді Иван Ли.

Аурухананың бас дәрігерінің айтуына қарағанда, кейбір пациенттер ұзақ ем қабылдауы керек. Ал енді бірін 7-10 күннен кейін үйіне жібереді.

Еске сала кетсек, 26 наурызда таңертең Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында үш автобус соқтығысып, жедел жәрдем көлігі мен жеңіл көліктер соғылған еді. Апат салдарынан 2 адам көз жұмып, 36 адам зардап шекті.

Елорда әкімі апат салдарынан қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, тиісті органдарға оларға және апаттан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Қазіргі уақытта ЖКО-ның себептері анықталып жатыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz