Covid-19 вакцинасы туралы Діни басқарма мәлімдеме жасады

0

ҚМДБ коронавирусқа қарсы екпе салуға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

«Құрметті отандастар!

Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», – деген.

Дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деген. Сол үшін кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс.
Арнайы медицина мамандары қазіргі таңда әлемге қауіп төндірген коронавирус індетінің алдын алу үшін вакцинациялаудың адам денсаулығын сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдіс екенін айтуда.

Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі.

Алла Тағала халқымызды жұқпалы індеттен сақтап, науқас жандарға шипа берсін! Әмин!» деген ҚМДБ мәлімдемесінде