Цой неге вакцина салдырмай жүргенін айтты

0

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой QazCovid-In — қазақстандық вакцинасын күтіп жүргенін, отандық өнімді қолдау туралы шешім қабылдағанын айтты.

Ол QazCovid-In — қазақстандық вакцинасының клиникалық сынақтарының соңғы кезеңі жүріп жатқанын айтты.

Бұл — инактивті вакцина, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің барлық кезеңдері біздің ерекше бақылауымызда. Денсаулық сақтау министрі ретінде мен қазақстандық вакцинаны қолданғым келді. Ол өндіріске шыққан кезде оны алғашқылардың бірі болып ектіремін, — деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифингіде.

1 ақпанда Қазақстан ресейлік Sputnik V вакцинасымен коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау науқанын бастап кетті. Денсаулық сақтау вице-министрлері мен санитарлық дәрігерлер вакцина салдырып үлгерді.

Жалпы, қазірдің өзінде 13 301 медицина қызметкері екпе алды.