«Бұл – әр қазақстандықтың жауапкершілігі»: Малшыларға бар ақшасын аударған кентаулық бала жұрттың жүрегін елжіретті (видео)

0

11 жастағы Диастың әрекеті көпті сүйсіндірді. Кентаулық бала қуаңшылық кезінде қиналып жатқан малшыларға көмектесуді сұрап видео жариялаған.

Видеодағы бала еліміздің қуаңшылық орнаған аймақтарындағы малдың жаппай қырылуы өзін бей-жай қалдырмағанын айтады.

“Жем-шөп жетпей, малдардың арықтап, қырылып жатқанын көріп, оларға көмектескім келді. Сондықтан Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қиналып жүрген малшыларға өзімнің жиған-тергенімді жолдағым келеді. Бұл – әр қазақстандықтың жауапкершілігі”, – дейді жеткіншек.

Бейнежазба Қазақстанның Shopan-ata ұлттық шопандар қауымдастығының президенті Алмасбек Садырбаевтың желідегі парақшасында пайда болды.

“Диас — Азаматсың! Диасты тәрбиелеп өсіріп жатқан ата-анасына алғыс білдіремін! Негізі анасы жариялау қажет емес деген еді. Мен жақсылықты жариялағанда тұрған ештеңе жоқ, өзгелер үлгі алсын деген мақсатта салып отырмын. Өркенің өссін! 11 жасар баладан үлгі алайық”, – деп жазады Садырбаев.

Диастың анасы баласының нағыз патриот екенін алға тартады.

“Біз видеодағы малдарды көріп қатты жүрегіміз ауырды. Ұлымның бұл бастамасы көңілімнен шықты, сол себепті қолымыздан келгенше Алмасбек Садырбаевқа көмек қолын создық. Диас – еліміздің патриоты. Ол тарихи киноларды көріп, жануарларды жақсы көреді”, – дейді ол Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында.

Сөзінше, ұлы өскенде өзгелерге көмектесу үшін кәсіпкер болуды арман етіпті.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкент тұрғыны құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмек ретінде шөп жөнелткені жайлы айтылған еді.