БТА банкі басшысынан қаржы бопсалаған күдіктілер ұсталды
Қазақстан бас прокуратурасы 21 қаңтар күні Алматыда прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірлесіп БТА банкі басшысынан ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен бірнеше адамды ұстағанын хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, 19 қаңтарда Алматы қалалық кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің қызметкері Д.Искаков пен жұмыссыз Д.Әлпиев және Э.Сүлейменов есімді екі азамат ұсталған. Олар БТА банкінің директорлар кеңесінің төрағасынан «бас прокуратураның өндірісіндегі қылмыстық іс мәселесін шешіп беру үшін» бір миллион доллар бопсалаған.
Прокуратура банк басшысының аты-жөнін айтпайды.
Қазір күдіктілер қамауға алынып, оларды тергеу жұмыстары басталған.
Бас прокуратура тергеу құпиялығына байланысты бұл іс туралы басқа мәлімет бермейтінін хабарлады.
Дереккөз: Азаттық