Болат Назарбаевтың әлсіреп, хәл үстінде жатқанын растайтын ақпарат кімге керек?

0

«Экспресс-К» интернет порталы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі – Болат Назарбаевтың хәл үстінде жатқаны жөнінде бірнеше мәрте ақпарат таратты. «Нурсултанский соловей» Telegram арнасына сенсек, бұл — «Елбасының» тікелей тапсырмасы деп хабарлайды Nege.kz

Бұл дереккөзі «Экспресс-К» басылымының осы уақытқа дейін тікелей Назарбаевтың арқасында ақпарат айдында өмір сүріп келе жатқанын алға тартады. Бұрынғы президент 90-жылдары саяси шешім қабылдап, осы газетті «Еуразиялық топ» —  ERG-ге берген. Машкевичтердің қоластына өткелі бері басылым жабылып қалмағанымен, едеуір құлдырай бастаған.

Александр Машкевич

«Болат Назарбаев – бұрынғы президенттің ең бай әрі қатал туыстарының бірі. Інісінің тағдырына алаңдаған бұрынғы көшбасшы қарапайым қазақстандықтардың аяушылығын оятудан басқа амал таппай отыр. Сондықтан Болат Назарбаевтың әлсіреп, хәл үстінде жатқанын растайтын фото мен видеоны жариялауға пәрмен берген», — деп жазады Telegram арнасы.

Дереккөзге сенсек, Нұр-Сұлтанның үкіметтік дәліздерінде Болат Назарбаевтың дертке ұшырағаны, көмейінде қатерлі ісік бар екені, бір апта ғана өмірі қалғаны, ешкімді танымай жатқаны туралы әңгімелердің айтылып жүргеніне бірнеше ай болған. Байлығы 10 млрд. доллардан асып жығылатын адамға Израильге немесе Германияға барып, ем қабылдау сөз емес. Десе де, оған қымбат тұратын ем-дом да шипа болмапты.

Аталған Telegram арнасының жазуынша, осы уақыт ішінде бірнеше мәрте сенсациялық жаңалық тарай бастайды. «Болат Назарбаев қаза болыпты, жасырын түрде жаназасын да шығарып қойған» дегендей. Бірақ Назарбаевтың төңірегіндегілер Болат Назарбаевтың ауру екенін жасырып баққан. Билік Қайрат Сатыбалдының ұсталғаны ресми түрде растағаннан кейін ғана Бөкеңнің ауру екені ашық айтыла бастады. Өйткені, оқиғалардың өрбуіне қарағанда, Болат Назарбаевтың өзінің де, ұлының да қудалауға түсу қаупі күшейген.

«Нурсултанский соловей»-дің айтуынша, Елбасының шешім қабылдап, онысын ERG-дің олигархтары, атап айтқанда, Машкевичке орындатуының артында бір қулық жатыр. Болат Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған жағдайда, билікті аяушылық дегенді білмейтін, қарсыластарын қудалайтын саяси машина ретінде көрсетпек.

«Қылмыстық іс қозғалса, бұл Болат Назарбаевтың денсаулығына одан бетер қатер төндіруі мүмкін. Назарбаев пен оның төңірегіндегілер осындай сценарий құрып отыр. Әйтпесе, санитарлық ұшақпен Қазақстаннан алып кетіп, науқастың соңғы күндерін Француз Ривьерасында (бұл жерде Болат Назарбаевтың жылжымайтын мүліктері де бар) өткізуіне көмектесуіне немесе түрік Бодрумына апарып, күтіп қарауына болатын еді. Бірақ олар әдейі олай етпей отыр», — деп пайымдайды дереккөз.