Боғауыз сөздерді боратқан педагог туралы бүкіл шындық белгілі болды

0

Түркістан облысындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бейәдеп қылығы әлеуметтік желіде тарады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйел адамның әрекеті, елдің жағасын ұстатты. 

«Астана» телеарнасы Ордабасы ауданындағы Айтбай Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектепке барып, жағдайды анықтауға тырысты.

Әлеуметтік желіні шулатқан бұл видеодағы Ордабасы ауданы Бадам ауылының тұрғыны. 34 жастағы келіншек Айтбай Шерімқұлов атындағы орта мектептегі жоғары лауазымды қызметке тағайындалғанына көп бола қоймапты. Шаруашылық меңгерушісі, үш айдай бастауыш сыныптарға дене-шынықтырудан үйірмеде жетекшілік еткен. Былтырғы қарашадан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болыпты. Бірақ аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан қызметкерін, директор бұл қызметке, өз еркіммен қойғаным жоқ деп ақталды. Жоғарыдан тапсырма болды деп тұр.

«Жоғарыдан болғанда әкімнің орынбасары алдына шақырды. Бір барып қайттым. Одан кейін ол білім бөліміне тапсырма береді. Мен оны завуч қылып алуға мәжбүр болдым. Аты Ұлжан Елмұратова. Осы қызметке былтыр 11-қарашада қабылданған. Содан бері істеп жатыр» — дейді мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе.

Директордың дерегінше, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары отбасылы, төрт баланың анасы. Мектепке келгенше бірнеше балабақшада меңгеруші болғанын айтты. Ол қазір кезекті еңбек демалысында. Ол ауруханаға жатып қалған көрінеді. Сол себепті аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы, арнайы ұсыныс хатты пошта арқылы жеткізіпті.

«Ұсыныс хатта жазамыз 17-сі күні сағат 16-00- ге дейінгі уақытта мектепке өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа түсуіңізді сұранамыз деп жазамыз. Егерде ол кісі біздің алған хабарламамызға  қол қойып алып тұрып келмеген жағдай болатын болса, онда мектептегі өздерінің тәртіптік кеңестері кеңестері бар мектеп ішінде, әкімшілік кеңестері бар өздері жиналып  осындай кешегі Фейсбуктағы  жағдайға байланысты толық жұмыстан шығаруға мүмкіндіктері бар», — дейді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.