Алматы облысында мектеп директоры аяғы ауыр мұғалімге өз үйінің тамын ақтатқан

0

Алматы облысында мектеп директоры мұғалімдерге үйінің жеке шаруасын істеткізеді. Еден жуушы, күзетші сынды кіші қызметкерлер бастықтың ғана емес, оның таныс-тамырларының да үй-жайын тазалайды екен. Ұжымдағы қыз-келіншектерді құлша жұмсап үйренген директор аяғы ауыр мұғалімді де аямаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қаратал ауданына қарасты Үштөбе кентінде тұратын бір топ ұстаз бен еден жуушы қызметкрелер басшының үстінен бір айдан бері шағымданып жүр. Олардың айтуынша, Ілияс Есенберлин атындағы орта мектептің директоры қол астындағы педагог қауымын ұзақ уақыттан бері қорлап келеді екен. Мұғалімдер оқушыларға білім үйретумен қатар бастықтарының үйін кезекпен тазалап келген. Білім ордасындағы қызметкерлер тек бас ұстаздың ғана емес, оның ұлының да үй-жайын күтіп ұстауды мойындарына алыпты. Бұған да разы болмаған директор құрбысының үйіндегі кілемді де жуғызған. Мектеп мұғалімдерін отбасындағы жеке шаруасына жегуді әдетке айналдырған директордың үстінен мектеп жұмысшылары ұжым болып арызданды.

«Маған өзінің үйін әктетті. Сосын ұлының үйін, сіңлісінің үйін де ақтатты. Құдаларының үйіне барғам жоқ. Кейде жалғыз барам, кейде ұжым болып қыздармен бірге барып үйінің жұмысын істейміз. Мен еден жуам. Негізгі жұмысымнан бөлек медбикенің де кабинетін жауам. Ол үшін маған қосымша 0,5 ставка қосқан. Алайда, негізгі жұмысым үшін төленетін 50 мың теңге айлықты өзіме қалдырам да, 22 мың теңгені директорға апарып берем. Еденді тазалайтын директор емес, мен ғой, ақшаны мен алуым керек. Ол өзі 3-4 ай алып келді. Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орындарында да еден жудым көп жыл. Бірақ бұндай бассыздықты көрмеппін. Жұмысқа тұрар кезде де менен ақша алды. Жасым 57-де, жетіскеннен еден жуып жүргем жоқ. Амалымыз таусылған соң арыз жаздық. Мектептің тазалығына 7 әйел жауаптымыз. Қыста қарын күреу, қоршаудың сыртындағы арам шөптерді жұлуда біздің мойнымызда болды. Кейін білдік, бұл жұмыстар құжат жүзінде бізге міндеттелмеген екен», — деді Айнагүл Жәнібекова.


Айнагүл Жәнібекова

Директордың жеке үй шаруасын жайғастырумен амалсыз айналысқан әйелдер бұл іске бастықтан сескенгендіктен барғанын айтады. Бастауыш сыныптарында сабақ беретін Гүлнара Сейсембаеваның сөзінше, мына көк кілем мектеп директорының құрбысына тиесілі. Яғни, оны да мектеп жұмысшылары жуған.

«2019 жылдың қаңтар айында жұмысқа тұрғанмын. Жас маманмын. Содан бері талай қиындықты көрдім. Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Аяғым ауыр кезде мектеп директоры өзінің үйін әктетті. Екінші баламның декретінен шыққан соң жұмысқа алмай әбден қинады, жылатты. Мына мектеп ауласындағы көк кілем бастықтың құрбысына тиесілі. Кіші қызметкерлер мен аула тазалаушы ағай да әлгі кілемді тазалады. Өзге де құрбыларының үйіндегі кілмедерді мектептің ауласына әкеліп, жуғызып, тазалатқызады. Мені ғана емес, өзге де жас мамандарды қинайды, сыйлық алғызу, алтын әперу сынды талай нәрсені істетті. Аяғым ауыр кезде де ұлының үйін әктедім. Өзіме тиесілі кезекші сыныпты бермеген соң мектеп директоры Раушан Сағынаеваның үстінен облысқа арыздандым.  Комиссия келген соң ғана айлығымды толық ала бастадым. Бірақ мектептегі өзге де қызметкерлердің шымдамдары таусылды», — деді І.Есенберлин атындағы орта мектебінің мұғалімі Гүлнара Сейсембаева.

«Мектепте кілем жуатын аппарат, өзге де қажетті заттар бар. Сондықтан үйлеріндегі кілемді мектепке әкеліп жуғызады. Құрбысының кілемін тағы әкелгенде шыдамы таусылған техқызметкерлердің біразы оны тазалаудан бас тартты. Бірақ мен соңына дейін шыдап жудым. Еден жуатын 7 әйел де арыз жаздық. Жоғарыдан бүгін комиссия келгенде бізді жан-жаққа жұмсап, жиналысқа кіргізбеуге тырысты. Біз бәрібір амалын тауып жиналысқа қатысып, ойымызды ашық айттық. Комиссия кеткен соң демалысқа шығып кеткен еден жуушы төрт әйелді «жиналысқа кім шақырды, комиссияның келетінін оларға кім хабарлады?» деп тергеп жатыр», — деді 57 жастағы еден жуатын әйел Жәнібекова.

Ұжымның айтуынша, олардың шағым жазғандарына бір айдан асқан. Мәселені аудан деңгейінде шешуге ешбір басшының шамасы жетпеген соң ұжым облыс, тіпті министрлікке дейін арыз жазған. Сөздерінше, қорлық көрдік, құқығымыз бұзылды деп арызданған адамдардың саны жиырмадан асады.

«Мен оның жеке жұмысын істеген жоқпын. Жаңа ғана осы туралы жиналыстан шықтық. Бірақ арызға қол қойдым. Мен бұл мектепте 24 жылдан бері жұмыс істеп келем. Маған директор тіс батыра алмайды, бетіне айтып тастаймын. Біздің мақсат балаға, болашақ жастарға сапалы білім беру. Бірақ директордың әрекеті дұрыс болмаған соң, көзбен көріп отырған соң ұжымға қосылдым. Директор менімен құрдас, жасы елуде. Өзіне бұл әрекетіңіз дұрыс емес, қойыңыз деп талай рет ескерттім. Болмаған соң жастарды, ұжымды қолдадым. Менің де сағатымды толық бермей қойған. Қазақ өзі қойдай жуас болсақ та, шыдамның да шегі бар ғой. Біздің хатымыздың ішінде мұғалімдер барлығын жазған. Мұны естігендер осыншама уақыт қалай шыдап келгенсіңдер деп таң қалып жатыр. Бізге арыздану үшін дәлел керек болды», — деді бастауыш сыныптың мұғалімі Зухра Ескендірова.

Мектеп ұжымы проблемасын облыстық Білім басқармасына айтып шеше алмапты. Амалы таусылған ұстаздар министрлікке шағымданған. Астанадан келген комиссия директордың мәселесін қарап, нақты жауап айтпай кетті дейді арызданушылар.


Мектеп директоры Раушан Сағынаева

Алматы облыстық білім басқармасының мәліметінше өңірде 760 мемлекеттік мектеп бар. Олардың арасында лауазымына сай емес директорлар да кездеседі екен. Ал, Үштөбе қаласындағы жағдай бойынша комисмия құрылып, тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде директор қызметінен босатылды.

«2021 жылдың 16 маусымында мәселені анықтау мақсатында комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жасалды. Нәтижесінде фактілер анықталып, директордың орынбасары еңбек демалысынан әрі қарай өз еркімен жұмыстан кетуге арыз берді. Ал мектеп директоры атқарып отырған лауазымына сай емес деп танылып, орнынан  босатылды»,- деді Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлсара Исағұлова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы