Биыл қазақстандықтар үшін қажылық рәсімі қай уақытқа белгіленіп отыр? ҚМДБ жауап берді
Сауд Арабиясы биылғы қажылық маусымына байланысты шешімін жария етті. Биыл Мекке мен Мәдина қалаларына рухани сапар жасауға келетін мұсылмандар коронавирустың алдын алатын вакцина салдыруға міндетті болады. Бұл туралы Сауда Арабиясының Денсаулық сақтау министрі Тауфик ар-Рабиа мәлімдеген, деп жазады ТАСС ақпарат агенттігі.
Айта кету керек, былтыр пандемияға байланысты қажылыққа 10 мың адам барған. Оның дені жергілікті азаматтар. Коронавирусқа байланысты тауаф жасау үшін тек Сауд Аарабиясында тұратын шетел азаматтары ғана күшейтілген карантиндік талаптарды сақтай отырып, қажылық шарттарын орындауға мүмкіндік алған. Сондай-ақ ел билігі бұрын қажылық парызын өтемеген адамдарға ғана рұқсат берген. Ал шетелдерден 2020 жылдың қарашасында ғана қажылық миссия өкілдерін қабылдау басталған. ПТР-тест анықтамасы бар 50 жасқа дейінгі азаматтарға ғана рұқсат беріліпті.
Ал Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің сауалына жауап берген ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов Қазақстан үшін қажылыққа қатысты талаптардың өзгермегенін айтты. Әлемді жайлаған COVID-19 індетінің асқынуына байланысты былтыр Сауд Арабиясы қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салған болатын.
«2020 жыл бүкіл әлем үшін қауіпті болды. COVID-19 індеті әлемге тарап, мыңдаған адам ажал құшты. Былтыр ақпанда Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі пандемиядан туындаған қауіп-қатердің алдын алу және оның таралуына жол бермеу, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау ұйымдарының талаптарын ескере отырып, қажылық рәсімін жасаушылар үшін Мекке мен Мәдина қалаларын жапты. Бірақ қажылық пен ұмра – туристік сапар емес. Қажылық – дініміздің бес парызының бірі, ал ұмра – сүннет амалы. Сауд Арабиясының көптеген елдер секілді Қазақстан азаматтарына да ұмра жасауға уақытша тыйым салғанына қарамастан, кейбір азаматтарымыздың сол елде ұмра қажылығын өтеп жүргенін әлеуметтік желілерден көріп жатырмыз», — дейді ҚМДБ өкілі.
ҚМДБ өкілі ұмра және туристік визаларды беру жүйесі Қазақстан үшін әлі ашылмағанын айтты.
«Сіз айтып отырған ел азаматтары Сауд Арабиясына тек бизнес визасы арқылы бара алады. Бұл жерде мынаны түсіну қажет. Бизнес виза тек кәсіпкерлер үшін беріледі. Елшіліктен бизнес виза рәсімдеп, тек ұмра қажылығын өтеу үшін бару қулықпен бірдей нәрсе. Бұл визамен ихрам киіп, толыққанды құлшылықты орындау мүмкін емес, — дейді қажылық бөлімінің меңгерушісі.
Жәнділлә Бекжігітов биыл қажылық пен ұмра рәсімін жасау уақыты әзірге нақты белгісіз екенін айтты.
«Дәл қазіргі жағдайда нақты уақытын дөп басып айту оңай болмай тұр. Пандемиялық ахуал күнде өзгеруде. Мұның алдында Сауд Арабиясы билігі 2021 жылдың 31 наурызынан бастап шекаралардың ашылатынын хабарлаған болатын. Алайда жақында Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі бұл елдің қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салу мерзімін 2021 жылдың 17 мамырына дейін ұзартқанын хабарлады. Демек, шекаралардың ашылатын нақты уақыты мамыр айында белгілі болады деген жорамал бар. Дегенмен, әлемде індет қарқыны бәсеңдеп, жағдай тұрақталса, күллі мұсылман асыға күткен жақсы жаңалықтар болып қалуы ғажап емес», — деді ҚМДБ өкілі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы