Білім министрі мектептерге әдеби кітаптарды көбірек сатып алуды тапсырды — Қазақстан жаңалықтары

0

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге әдеби кітаптарды көбірек сатып алуды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Логикасы жоқ: Білім министрі жаңа әліппе туралы

«Алдымен, мектептердің кітапханаларымен жұмыс істеу – басты мақсаттардың бірі болуы керек. Екіншіден, университеттердің кітапханалары назардан тыс қалмауы тиіс. Ұлттық білім беру деректер қорының модулін дайындап бердік. Енді өңірлердегі кітапханалар осы қорды толтыруы тиіс. Биылдан бастап келген оқулықтарда QR-кодтар болады. Сол арқылы қолмен толтырып жатпай, біз айтқан базаға оқулықтарға қатысты ақпараттың бәрі енгізіледі», — деді Асхат Аймағамбетов білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Министрдің айтуынша, қордың көмегімен әр кітаптың кімге және қашан берілгенін, оның бар-жоғын тез арада анықтауға болатынын айтты.

«Осы арқылы «оқулық жетпей қалды» деген мәселеден арыламыз. Сондықтан цифрландыру мәселесін дайындап, аяқтауымыз керек. Ендігі жұмыс – ұйымдастыру. Жалпы көркем әдебиет туралы да сөз қозғаған едік. Әдебиет оқитын жас буынды мектептен қалыптастыруымыз керек дейміз. Бірақ, мектептерде шыны керек, әдеби кітаптар жеткіліксіз көлемде сатып алынады. Сондықтан көркем әдебиетті тиісті тізім бойынша сатып алуды реттеу керек. Жергілікті білім басқармаларымен осы жұмыс ұйымдастырылсын», — деп Асхат Аймағамбетов бұл мәселені орынбасары Шолпан Қариноваға тапсырды.
 

stan.kz