Қазақстандық оқушыларға тамыз айында екі апталық дайындықтан өтуді ұсынды — Қазақстан жаңалықтары

0

17 тамыздан бастап Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық курстары ашылады, ұзақтығы — екі апта. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппараттық кеңес барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Білім министрлігінің басшысы бұл курстарға қатысу оқушылардың еркінде екенін және мұғалімдер ешкімді келуге мәжбүр етпейтінін атап өтті.

«Негізі пәндер бойынша дайындық өткізуімз керек: математика, қазақ, орыс тілдері және басқа пәндер. Егер балалар қаласа, біз дайындықты ұйымдастыруымыз керек, бірақ формализм жасамау керек. Бұған ерекше назар аударамын. Осы уақытта мұғалімдер еңбек демалысынан оралады, сондықтан бұл проблема болмайды», — деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, Қазақстан мектептерінде төртінші тоқсан қашықтан оқыту форматында өтті.

25 мамырда мектеп оқушылары жазғы демалысқа кетті. Жаңа оқу жылында қашықтан немесе мектепте оқыту мәселесі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

stan.kz