Бетон плитаға басымен лақтырған: Шымкентте қызды аяусыз ұрып, зорлап, тірідей көмген қылмыскердің соты өтіп жатыр
Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасында асқан қатыгездікпен өлтірілген және зорланған бойжеткенге қатысты іс бойынша 28 жастағы сотталушының шағымы қаралуда.
Жантүршігерлік оқиға 2018 жылдың 19 наурызына қараған түні болған. Бір топ адам Қайнар Бұлақ ауылындағы саяжайда туған күн тойлаған. Кеш барысында бойжеткендердің бірі жігіттермен ұрысып, кетіп қалған. Оның ашуын басып, қайтару үшін екі жігіт соңынан шыққан екен.
Алайда, олар аруды аяусыз соққыға жығып, бетон плитаға басымен лақтырып, бассүйегін сындырған. Кейін қансыраған қызды иесіз үйге апарып, сотталушы зорлаған. Артынша бойжеткеннің үстіне жанармай құйып, өртемек болған. Алайда, от бір рет қана тұтанып, қайта жанбаған. Сосын бойжеткенді пышақпен тілгілеп, шұңқырға тастап, көмген. Ол уақытта марқұм қыз әлі тірі болған екен.
Тергеу барысында бұрын сотталған және үлкендігін пайдаланған екі дос қылмыс орнына 18 және 17 жастағы үш жасөспірімді шақырғаны анықталды. Олар өздерінен кішілерді қызды зорлауға, артынша бірге көмуге мәжбүрлеген. 2018 жылдың соңында Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматтардың бірін 15 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кесті.
Ал үш жасөспірім бас бостандығынан шектелді. Алайда, бұл істегі басты күдікті тергеуден қашып жүрген еді. Оған қатысты іс жеке өндіріске алынып, күдіктіге іздеу жарияланған болатын. 2019 жылдың қараша айында күдікті қолға түсті. Кейіннен зорлаумен байланысты қатігездікпен адам өлтіру ісі бойынша сот басталды. Кінәлі азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Шымкент тұрғыны 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкіммен келіспеген қорғаушы тарап апелляция берді.
«Екінші инстанция соты істі қарауды бастап кетті. Кезекті сот отырысы 2020 жылдың 30 желтоқсанына белгіленді», — дейді Шымкент қалалық сотынан.