Қазақстанда 2021 жылдан бастап не өзгереді

0

Санаулы күннен кейін сиыр жылы табалдырықтан аттайды. Жаңа 2021 жыл қазақстандықтардың өміріне жаңа өзгерістер әкеледі.

Жаппай вакцинация басталады

Қазақстанда 2021 жылдың наурызында COVID-19-ға қарсы отандық вакцинамен жаппай егу басталады. Ең алдымен, екпе ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, сондай-ақ созылмалы ауруы бары адамға салынады.

Осы жылдың 19 желтоқсанында отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы басталды. Оның аясында 3 мың еріктіге егілді.

Келесі жылы көктемде Жамбыл облысы Қордай ауданында биофармацевтика зауыты іске қосылады. Кәсіпорын жылына 60 миллион доза вакцина шығаруға қауқарлы.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласында ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару өндірісін іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Оқушылар мектепке оралады

Үшінші тоқсанда жоғары сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ата-аналардың пікірін ескеріп, білім министрлігінің ұсынысымен 9,11,12 сыныптарға мектепке оралуға рұқсат етіп отыр.

Оқушылар пәндердің 70%-ін – дәстүрлі форматта, 30%-ін қашықтан оқитын болады.

Сонымен қатар, Жаңа жылдан кейін мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады.

Колледждер мен университеттердің 1-курс студенттері де II семестрден бастап аралас оқыту форматына көшеді.

Айта кетсек, үшінші тоқсан 2021 жылдың 11 қаңтарында басталып, 19 наурызда аяқталады.

«Әліппемен» қайта қауышады

2021 жылдың жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның мектептерінде «Әліппе» мен «Ана тілі» қайта оқытылады.

Бірінші сынып оқушылары бастапқы екі тоқсанда «Әліппе», ал 3-4 тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.

Қазіргі кезде оқулықты шығару жұмыстары басталды. 2021 жылдың қаңтар айында оны апробациядан өткізеді. Ол үшін пилоттық мектептердің тізімі бекітілді.

«Әліппе» оқулығын әзірлеу кезінде Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізге алынды.

Зейнетақыға қатысты өзгеріс

2021 жылы зейнетақы өседі. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге жетеді.

Ал ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін көтеріледі.

Бұдан бөлек, қаңтардан бастап қазақстандық әйелдер үшін зейнетке шығу жасы ұлғаяды.

  • 2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жасында;
  • 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жасында;
  • 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жасында;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жасында;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жасында;
  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жасында;
  • 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жасында.

Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.

Сонымен қатар, сиыр жылынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алады. 2021 жылы мұндай мүмкіндікке 721 мың адам ие болады.

Азаматтарға шоттағы зейнетақының бір бөлігін баспанаға, емге және қаржы компаниясына басқаруға беру үшін жұмсауға рұқсат етіледі.

Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша «жеткіліктілік» шегінен асуы тиіс. Мәселен, 30 жастағы адам үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынбайды. Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды.

Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі.

Табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге болады.

Кімдердің жалақысы өседі

2021 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25 процентке өседі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында жария еткен еді.

Бұдан бөлек, президент медицина қызметкерлерінің  айлығын да кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды. Тоқаев 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы өседі.

Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды.

Еңбек министрлігінің ақпаратынша, 2021 жылдан лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі мөлшерден 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.

Бұл үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қарастырылған.

Күнкөріс деңгейі, АЕК және ең төменгі жалақы

2021 жылдан бастап жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш те (АЕК) өзгереді.

2021 жылы 1 АЕК 2 917 теңгені құрайды.

Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болған еді.

Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42 500 теңге.

Салық төлеу мерзімі

Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылдың 1 сәуіріне ауыстырылды. Жуырда ел президенті Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мүлкі мен жерге салынатын салықтары бір салыққа біріктірілді. Яғни, екі салық бірыңғай төлеммен төленеді.

Бұдан бөлек, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.

Мемлекеттік қызметкерлер саны қысқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауда мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын тездетуді тапсырған болатын.

Осыған байланысты биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал келесі жылы тағы 15 процентке қысқартылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Еңбек кодексіне сәйкес, кімдерді жұмыстан шығаруға болмайтынын айтқан еді. Олар: жүкті әйелдер, үш жасқа дейін баласы бар аналар, жалғызбасты аналар, баланы анасыз тәрбиелеп жатқандар, сондай-ақ, зейнетке шығуына екі жылдан кем уақыт қалған адамдар.

Қысқартудан үнемделген қаражат есебінен жұмыста қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі.

Сонымен қатар, президент 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап балдық-факторлық жүйе енгізуді тапсырды. Мұндай жоба мемлекеттік қызметкерлердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түспек.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы

Келесі жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады. Нәтижесінде экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейеді.

Пациент осы бағдарлама аясында жылына бір рет ЭКҰ жасай алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКҰ орталығы жұмысы істейді, оның 21-і – жекеменшік. Осы уақытқа дейін жасанды ұрықтандыру жолымен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.

Сондай-ақ, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі белсіздік пен бедеулікке шалдыққан жұптардың ұлттық бірыңғай регистрін дайындап жатыр.