Оралда көпқабатты үй өртеніп, тоғыз адам уланып қалды

0
50

Оралда көпқабатты үйден өрт шығып, тоғыз адам уланып қалды. Қазір бесеуі ауруханада ем-дом алып жатыр. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, тілсіз жауға – зақымдалған электр желісі – себеп болуы мүмкін. Бірақ тұрғындар мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, өртті жатақханаға әбден үйір болған нашақорлар жасады. Шектен шыққан тентектерге қайран қыла алмаған үй иелері енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Қазір кәдеге жарайтын дүние-мүліктің бәрі бүлінген. Жиһазы мен тұрмыстық техникалары да істен шығыпты. Үрейі ұшқан тұрғындар енді, нашақорларды сотқа береміз деп отыр.

Ольга АЛТЫНБЕКОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өртті нашақорлар жасады. Жалын күшейген соң, «өрт сөндірушілерді шақыртыңыздар!» деп айқайлады да, өздері қаша жөнелді. Мұнысымен қоймай, есікті сыртынан кілттеп кетіпті. Жанталасып балконға шығып, балаларды сол жерден сыртқа шығардық. Мұндай нашақорларды қатаң жазалау керек. Бүгін от қойды. Ертең үйді жарып жіберетін шығар.

Ұлдай ӨТЕҒАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таңертеңнен кешке дейін еден жуғаным үшін небары 50 мың теңге жалақы аламын. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Енді үйде жарық жоқ. Айналаның бәрі су, ток соға ма деп қосуға да қорқып отырмын. Өрт сөндірушілер бір сағаттың ішінде қызыл жалынды ауыздықтапты. Тілсіз жаудың себебін олар анықтауға уәде етті. Қазір тергеу амалдары басталған. Енді бұл іспен полиция айналысуда.

Нұрлан ТАУБЕКОВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құтқарушылар 45 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Олардың 18-і бала, үш адамды ажалдан аман сақтап қалдық. Газдан уланған 9 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың 4-уі бала.

Еркін Қарин