БАРЫС БЕЙНЕЛі ҰШАҚ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ

0
91

Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында орналасқан «Эйр Астананың» авиация-техникалық орталығында жаңа Embraer 190-E2 ұшағының таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға әуекомпания басшылығы, акционерлер, үкімет және дипломатиялық корпус мүшелері, журналистер мен блогерлер қатысты.

Бұл ұшақтың басқа жаңа ұшақтан ерекшелігі тұмсығында қар барысы бейнеленген. Қазақстан экономика­сының даму динамикасын, тұрақтылық пен биіктіктің символына айналған тау тағысы қазақ жерін ықылым заманнан бері мекен етеді. Осы ливрея арқылы «Эйр Астана» барыстың Қазақстанда және әлемде жоғалу мәселесіне жұрт­шы­лық назарын аудармақ және эколо­гия жақсаруы мен қоршаған ортаны сақтау мәселелерін тағы да көтермекші.
Е2 Бразилиядағы өндіруші зауыттан алдырылды. Әуе кемесі екі қозғалт­қыш­пен жабдықталған тар фюзеляжды реак­тивті ұшағына жатады. Ол қысқа және орта қашықтықта ұшуға арналған. Ал­дыңғы E190 ұшағына қарағанда 1000 ша­­қырымға артығырақ, яғни 5300 шақы­рымға дейін ұша алады. Жаңа модельдің аэродинамикасы жақсарған, фюзеляжы мен қанаттары өзгерген және АҚШ-та өндірілетін PW GTF қозғалт­қышта­ры­мен жабдықталған.
Тағы бір ерекшелігі – отынды аз жағып, экологияға зиян келтірмейді. Қоз­ғалтқыштардың дыбыс шуылының деңгейі төмендеген.
– Embraer әуе кемелерімен жақсы таныспыз және жаңа буын ұшақтарының үнемділігін, қоршаған ортаға оң ықпа­лын тигізетінін жақсы білеміз. Сонымен қатар жолаушыларға жайлылық сый­лайтынын айтқым келеді, – деді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер.
Ұшақта 108 орын бар. Компания осындай типтегі ұшақтың төртеуіне келесі жылға тапсырыс беріп қойды.
«Эйр Астана» – осы ұшақ үлгісінің ТМД-дағы алғаш пайдаланушысы. Ал­ғашқы рейс Астана – Алматы бағытымен 19 желтоқсан күніне жоспарланған. Қар барысы бейнеленген ұшақ Қазақстанмен қатар Ресей қалаларына, Орталық Азия елдеріне, Кавказ бен Қытайға сапарлап тұрады.
Embraer Commercial Aviation пре­зиденті Джон Слеттери «Эйр Астанамен» жұмыс істеу үлкен құрмет екенін жет­кізді.
– Біздің өніміміз қазақстандық ­әуе­компанияның дамуына үлес қосып ­жат­қаны қуантады. Embraer 190-Е2 ұша­ғын таңдау біздің брендімізге деген се­нім­нің белгісі деп есептейміз, – деді Джон Слеттери.
Айта кетейік, «Эйр Астана» 2002 жыл­дан бері алпыстан астам халық­ара­лық және ішкі бағыттарда қызмет көр­се­теді. Компания әуефлоты Embraer ұша­ғынан басқа Airbus пен Boeing әуе кемелерінен жасақталған.

Асқар БЕК

Дереккөз: Айқын