Барлығы 50 адам ауруханаға жатқызылды

0

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев ұшақ апатынан зардап шеккен 50 адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

— Жедел медициналық бригадалары 66 адамды ауруханаға жеткізген. Соның 50-і ауруханаға жатқызылды. №4 қалалық клиникалық ауруханаға — 19 адам, қалалық жедел жәрдем ауруханасына — 13 адам, орталық қалалық ауруханаға — үш адам жатқызылды. Жедел балаларға көмек көрсету орталығына 9 бала жеткізілген. Алматы облыстық көпсалалы ауруханаға 6 адам жатқызылды. Олардың барлығы қажетті емдеу шараларымен қамтылып отыр, — деді Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, қажет болған жағдайда республикалық санавиация арқылы астанадан білікті дәрігерлер шақырылатынын айтты. №1 Алматы облыстық ауруханасына түскен алты адамның бесеуінің жағдайы — ауыр деп хабарлаған еді дәрігерлер.

27 желтоқсан күні таңертең Алматы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 100 адам — 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Кейінірек Алматы қалалық әкімдігі ұшақта болған 93 адамның тізімін жариялады.

Әзірге толық емес ақпарат бойынша, 14 адам қаза болған.

Төтенше жағдай комитеті аты-жөні анықталған апаттан қаза болғандардың тізімін жариялады:

  1. Николай Астанов 1971 жылы туған;
  2. Хайдаров Р. 1940 жылы туған;
  3. Бауыржан Қалиев 1974 жылы туған;
  4. Базархан Карибаев 1974 жылы туған;
  5. Марат Мұратбаев 1961 жылы туған;
  6. Абай Нұрбаев 1982 жылы туған;
  7. А.Исина

Талғар аудандық полиция басқармасына «Гүлдала елді мекенінің маңына ұшақ құлағаны» туралы ақпарат таңертеңгі сағат 7:30-да түскен. Азаттық тілшілері апат болған аумақты полиция қоршап тастағанын хабарлаған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Fokker-100 ұшағы «ұшу кезінде биікке көтеріле алмай» екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Премьер-министрдің тапсырмасымен үкімет комиссиясы құрылған.

Azattyq